Алматы облысындағы Жаркент қаласына сасық иіс жайылып кетті
Сәл жел тұрса, жағымсыз иіс аудан орталығының маңындағы ауылдар мен Нұркент қалашығына дейін жетеді екен. Аудан халқы мұндай келеңсіз жағдайды болдырмау үшін билік өкілдерінен көмек сұрап отыр.
Жаркентті күлімсі иістің тұншықтырғанына 7-8 жылдың жүзі болды. Әсіресе жаз мезгілінде қалада жүріп-тұру мүмкін емес. Жергілікті тұрғындардың жанайқайына құлақ түріп көрелік.
Тоқтасын Дайырбеков, қала тұрғыны:
- «Жаркенттегі жағымсыз иіс зауыттан шығып жатыр», – дейді. Нақты өзіміз көрген жоқпыз, бірақ жаман иіс келеді. Басымыз ауырады. Әсіресе кейде күн ысыған кезде шығады, тіпті кешке жақын мүлде өршіп кетеді.
Баян Әшірова, қала тұрғыны:
- Жаркентке ешкім келмейді. Мынадай жағымсыз иіспен демалу мүмкін емес. Терезе, есік аша алмаймыз.
Бақерке Мәлік, қала тұрғыны:
- Келген қонақтарымыз ренжиді. Түнде ұйықтап жатқанда осы иістен оянамыз.
Әлімжан Аңсаров, қала тұрғыны:
- Ауа жетіспейді. Астмамен, аллергиямен ауыратындар бар. Бізде де мына иіске аллергия пайда болды. Бір амалын табу керек.
Тұрғындар бұған Жаркент крахмал-сірне зауытын кінәлап отыр. «Аталған кәсіпорынның қалдық суы тазартылмаған күйі қала іргесіндегі кәріз суын сақтау бассейндеріне құйылып жатыр. Жағымсыз иіс содан шығады», – дейді олар.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Жаркент крахмал-сірне зауыты «Панфилов су құбыры» мекемесінен 7 гектар жерді жалға алып отыр. Қазір, міне, мұнда 13 су сақтайтын қойма орналасқан. Көріп отырғанымыздай, мұның жағасына не қамыс өспейді, не құс қонбайды екен.
Қаладан шығатын кәріз суы сүзгілеу кәсіпорнынан өтіп барып, бассейндерге құйылады. Жаркент крахмал-сірне зауыты түрік технологиясы бойынша осындай нысанды салу жұмыстарына кірісті. Ол қараша айында іске қосылуы тиіс. Ал Жаркент кәріз коллекторының құрылысына 771 млн теңге бөлінген.
Арман Тазабеков, аудандық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
- 2019 жылы жобалық-сметалық құжаттама дайындап, Жаркент қаласынан 10 шақырым жерге диаметрі 560 мм құбыр арқылы канализациялық коллектор салып жатырмыз. Бұл жұмыстарды қараша айында бітіреміз.
Аталған нысандардың құрылысы аяқталса, кәріз суы мен крахмал-сірне зауытының қалдық суы қаладан 10 шақырымға алыстайды. «Су тазарту қондырғысынан өтетіндіктен, қолқаны қабатын күлімсі иіс шықпайтын болады. Сол себепті тұрғындардан бұл жағдайға түсіністікпен қарауын сұраймыз. Мәселе биыл түбегейлі шешіледі», – дейді аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөліміндегілер.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов