Хабар телеарнасы

Украинада Елбасының бұрын-соңды жарияланбаған жеке заттары сақталған көрме ашылды

Дәл осы шаһарда кезінде Нұрсұлтан Назарбаев білім алып, металлург қызметін меңгерген. Елорданың туған күні қарсаңында Каменское қаласында бірнеше шара ұйымдастырылды.

Бұрын «Днепродзержинск» деген атаумен белгілі Украинаның орталық бөлігіндегі бұл қала қазір «Каменское» делінеді. Шаһар өзінің әйгілі металл өндірісімен танымал. Дәл осы зауытта 1958 жылы 18 жасар Нұрсұлтан Назарбаев өндірістік тәжірибеден өткен. Сондықтан қала Елбасының жастығын жадында жақсы сақтағанға ұқсайды. Бұған мынау мұражай куә: Назарбаевтың бірегей фотолары, оқу құжаттары, жеке заттары, домбыраға дейін көздің қарашығындай сақталыпты.

Наталья Буланова, Каменское қаласындағы тарих мұражайының басшысы:

– Өз үйінен, ата-анасынан жырақта жүрген қазақ баласын қонақжай Украина халқы жылы қабылдады. Әсіресе, Николай Литошкопен дос еді. Екеуі бірге күрес секциясына қатысқан, оны суреттерден де көруге болады.

Ал Каменское қаласындағы жоғары кәсіптік училищесі Елбасының украин тіліне деген құрметін жоғары бағалайды. Әсіресе, 2005 жылы Украинаға сапары кезінде қазақ басшысы  Жоғарғы Раданың мінберінде сөз алғанда украина тілінде таза сөйлеп, залды дүр еткізген екен.

Татьяна Отаманюк, жоғары кәсіптік оқу ордасының оқытушысы:

– Ең әсерлі кездесу Нұрсұлтан Назарбаевтың осы қалаға жасаған алғашқы сапары деп айта аламын. Өз партасына отырғаннан кейін, ол бір сәт ойға шомды. Содан кейін, өмірімнің ең жарқын сәттері осында өтті деп тебіренді.

Оқумен бірге, Нұрсұлтан Назарбаевтың өндірістік тәжірибесі Каменское қаласындағы ірі металлургиялық комбинатта қатар жүрген. 60 жылдан астам уақыт өтсе де, өндіріс кешені көп өзгермеген. Қызуы қатты пештің жанында болат қайнатып, тері жерге төгілген кәсіп иелерін қазір де көруге болады.

Сергей Пустовой, Днепр металлургиялық комбинаттың бас пешшісі:

– Бұл комбинаттағы ең сыйлы мамандық. Өйткені олар қызу оттың қасында қызмет етеді. Температура 60-80 градусқа жетеді, жанып кетпеу үшін арнайы костюм киеді.

5 жыл қатарынан Каменское қаласы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне арналған спорттық шараны да ұйымдастырып келеді. Биыл да волейболға арналған жарыс сәтімен аяқталды. Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев осынау кішігірім қалаға жасалған сапардан көп ой түйіп қайтқанын айтады. Әсіресе, екі елдің байланысын бекемдей түсуде Каменское қаласы тамаша алаңға айналуы әбден мүмкін.

Дархан Кәлетаев, Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Училищенің басшылығымен жақсы пікірталас болды, ойлармен бөлістік. Әрине, бұл училище тарихы білім ордасы. 100 жылға жақын тарихы бар. Көптеген белгілі азамат осы оқу орыннан дәріс алды. Сондықтан бұл жерде, бөлек өздеріңіз көріп отырсыздар, Қазақстанға деген ілтипаттары өте жоғары деңгейде. Сондықтан Қазақстаннан студенттер келсе, бұл жақтағы студенттер Қазақстанға барып, тәжірибе алмасса, чемпионатқа қатыссақ деген ұсыныс беріп жатыр. Сондықтан соның бәрін ары қарай жұмыстарды жалғастырамыз.

Нұрсұлтан Назарбаев Каменское қаласында уыз жастығының 2,5 жылын ғана өткізген. Аз да көп те уақыт емес, алайда Тұңғыш Президент дәл осы елде білімін жетілдіріп, дәл осы жерде аянбай еңбектенгенін тарих ұмытпайды. Бұл қаланың тұрғындары Назарбаевты сұңғыла саясаткер деп қана емес, қарапайым жерлесіміз деп таниды, жақынындай жақсы көреді және арнамыз арқылы ыстық сәлемдерін жолдайды.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко