Жамбыл облысында он ауылға газ бен ауыз су тартылып жатыр
Ауданда осыншама елді мекенді су және көгілдір отынмен бір жылда қамту бұрын соңды болмаған жағдай. Барлық жоба жұмыспен қамтудың жол картасы аясында жүзеге асырылуда. Құрылыс қарқынды жүріп жатқан ауылдардың қатарында Қаракемер мен Тастөбе бар. Бұл елді мекендерде табиғи көгілдір отын бұрын мүлдем болмаған. Биыл жұмыспен қамтудың жол картасына еніп, қазір ауылішілік газ құбырларын тарту жалғасып жатыр. Мемлекеттік бағдарлама шартына сәйкес жұмысқа жергілікті тұрғындар тартылған.
Дабыл Рахманқұлов, жұмысшы:
– Жұмыс істеп жатқанымызға бір-екі айдың көлемі болды. Газ қалай басталды, содан бері жүрміз. Жұмыспен қамту орталығы бізді осы жаққа жіберді. 85 мың жалақымыз бар. Уақытылы беріп тұрады.
Бәрінен де жергілікті тұрғындар ерекше қуанышты. Жұрт құрылыс аяқталып, табиғи газды тұтынатын күнді тағатсыздана күтіп жүр.
Қалдыбай Білешбаев, Тастөбе ауылының тұрғыны:
– Газ жоқ еді. Бірақ көпке дейін созылып қалды. Қуанышқа бөленіп, ауылымызға газ келетін болып, суымыз, жарық бар, көшенің бәрі асфальтталған, енді кішігірім қала болып қалдық.
Ал Қаратау ауылында биыл ұзақ жылдан бері келе жатқан ауыз су проблемасы шешіледі. Қазір көше-көшеге құбырлар тартылып, терең құдық қазылып жатыр. Қырғыз елімен шекаралас жатқан елдімекен жыл соңына дейін орталықтандырылған таза сумен толық қамтылады.
Қазір Жамбыл ауданында бес ауылға газ, бес ауылға ауыз су кіргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Жоспар орындалса аудандағы елді мекендер таза ауызсумен 71, ал көгілдір отынмен 85% қамтылады.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә