Отандық кәсіпорындар өкпені жасанды желдету аппаратының өндірісін 7500 данаға жеткізбек
Аманияз Ержановтың сөзінше, ауруханаларға үш мың тыныс аппараты қажет болады. Қазақстандық компаниялар ай сайын 550 данасын өндіріп, бұл қажеттілікті жыл соңына дейін жаппақ. Алғашқы 50 бірлігі осы айда медициналық мекемелерге жеткізіліп қойды.
«Қажет болған жағдайда, өндірісті одан әрі күшейтуге әзірміз», – дейді вице-министр. Биыл алты айда еліміздегі отандық компаниялар 58 млрд теңгеге дәрі-дәрмек шығарған. Осы аралықта 65 млн маска, 60 млн медициналық қолғап және 2 млн-дай қорғаныс костюмі тігілген. Қазір елімізде дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы құрылғыларды шығаратын 89 фармакологиялық компания бар. «Олар ішкі нарықты дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз етуге қауқары жеткенімен, бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз», – дейді вице-министр Аманияз Ержанов.