Хабар телеарнасы

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысы ашық және жариялы болады

AMSQ

Алексей Цойдың айтуынша, министрлік жанынан арнайы қоғамдық кеңес құрылады. «Сәйкесінше, оның мүшелері олқылықтарды анықтайды», – деп хабарлайды «Хабар 24».

Қордың қаржысы және жұмысына қатысты ақпараттар ашық болу қажет. Жаңадан тағайындалған басшыға осындай тапсырма беріліпті. Бұған қоса қор қаржысының тиімді жұмсалуына да ерекше көңіл бөлінбек. Бүгінге дейін шығындар жоспары қайта қаралып, 1 млрд 300 млн теңгенің мақсаты өзгертілген.

Алексей Цой, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Құзырлы мекемелер қазір қор жұмысына қатысты тексерісті бастады. Алдағы уақытта арнайы қоғамдық кеңес құрып, бұл мәселеге жіті көңіл бөлмекпіз. Қордың жұмысына қатысты ақпарат бәріне қолжетімді болу керек. Оны жасырғаннан пайда жоқ.

Керісінше қателіктерді уақытылы анықтап, оны түзетіп отырған дұрыс деп есептейміз. Бұған қоса, министр карантин шараларының жеңілдетілуі туралы да айтты. Яғни бұл жұмыстар кезең-кезеңмен жүзеге асады. Әсіресе әр аймақтағы эпидемиологиялық ахуал ескеріліп, тиісті шешім қабылданбақ. Егер жағдай жақсара түссе, балабақшалар мен балалар орталығының жұмысына да рұқсат беріледі. Сонымен қатар қазір коронавируспен ауырған адамдарды қайта бейімдеуге қатысты да арнайы бағдарлама жасалып жатыр. Алексей Цой бұл жұмысқа медициналық сақтандыру қоры жауапты екенін жеткізді.