Хабар телеарнасы

Елімізде 16,6 млн азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылған

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі халыққа 400 миллионнан астам қызмет көрсетілген. 2,5 млн операция жасалып, 12 млн дәрі-дәрмек берілген. Ал азаматтардың жалпы жарнасы 4,5 трлн теңгеден асқан. Енді қор оңалтуға да қаржы бөледі.

Астаналық Шолпан Зайырова дерті асқынып, бірнеше күн бұрын ауруханаға түскен. Абырой болғанда дәрігерлер оған жедел операция жасап, тік ішектің қансырауын тоқтатқан. Сөйтіп ауруынан да айықты. Емделуші қазір медицина мамандарына дән риза.

Шолпан Зайырова, қала тұрғыны:

- Операциядан жақсы шықтым. Қазір өзімнің жағдайым жақсы. Өзімді жақсы сезінемін. Келесі қандай ем-шара қолданатынын бәрін түсіндіріп айтты.

Егер науқастың медициналық сақтандыруы болмаса және емдеу мекемесіне шұғыл жағдайда келмесе, операция ақылы болар еді, - дейді дәрігерлер. Бірақ мұны көпшілік біле бермейді. Әсіресе күрделі оталарға тап болғанда сақтандыруы жоқ адам тығырыққа тірелуі мүмкін.

Ғалымжан Әбілов, «Медициналық сақтандыру қоры» басқарма төрағасының орынбасары:

- 84%-і осы МӘМС жүйесінде атқарылады. Бұл не дегенді білдіреді? Егер адам сақтандырылатын болса, онда осы өте қымбат операцияларға қолжетімділіктері бар. Яғни айына қазір ең төменгі төлем 4250 теңге болса, сонда оның 1 млн теңгеден астам тұратын операцияға қолжетімділігі артуда.

Енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан оңалтуға да көптеп қаржы бөлінбек. Былтыр бұл мақсатта 80 млрд теңге қарастырылыпты. 120 мыңнан астам науқас тегін реабилитациядан өткен. Биыл оңалтуды қажет ететін барлық ауру түрі қаржыландырылады, - дейді қор өкілдері.

Дамир Берікұлы, Дархан Күнтуов