Жаңа жүйе, заманауи қызмет пен тың шешім. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Human Resours атауымен халықаралық форум өтті. Қазақы қалыпқа салсақ, мемлекеттік қызметтің жұмысын ілгерілету үшін жаңа технология және озық тәжірбиемен алмасу.
Астанада ауқымды жиын. Арысы АҚШ пен Сингапур, берісі Таяу Шығыс пен көршілес елдерден сарапшылар келген. БҰҰ жанындағы Халықаралық мемлекеттік қызмет комиссиясының төрағасы онлайн қатысып, ой қосты. Қазақстанның тәжірбиесі де жоқ емес. Көрнекті мемлекет қайраткері Әлихан Байменов оның бәрін жиып-теріп, кітап қылып шығарған екен, осы форумда тұсауы кесіліп, қонақтарға таратылды.
Біріккен Араб Әмірліктері Таяу Шығыстағы озық дамыған елдің бірі болса, ондағы мемлекеттік басқару ісінде заманауи технология игіліктеріне арқа сүйейді. Араб профессоры атап өткендей, Әмірліктердің алдыңғы қатарлы елге айналуының еш құпиясы жоқ.
Джасим әл Әли, «Мохаммед ибн Рашид» мектебінің профессоры, БАӘ:
- Мемлекеттік қызмет терең әрі кең ауқымды таным-түсінік пен білімді қажет етеді. Тиісінше кез келген мәселені саралау, дұрыс шешім қабылдау үшін әлбетте жасанды интеллект таптырмас көмекші құрал. Ол адамның жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, мемлекеттік қызметші санын ықшамдап, сапасын арттыруға сеп.
Мемлекеттік басқару ісін ілгерілетудің негізгі алғышарттарының бірі меритократия екенін біздің Президент те үнемі айтып жүр. Қызметтік өсу таныс-тамыр, таныс емес, кәсіби біліктілікке негізделуі тиіс.
Дхарендра Вардхандра, Наньян мемлекеттік басқару орталығының ғылыми қызметкері, Сингапур:
- Бүгінгі әлем таныған, дамыған Сингапурға жету үшін біз мемлекеттік қызметтегі ең басты құндылық ретінде меритократия қағидасын бәрінен биік қойдық. Соның нәтижесінде мемлекеттік басқару ісі ілгері басты, ізінше мемлекет те дамыды.
IT-мамандар, адам ресурстарын басқарудағы үздік практиктер мен технология сарапшылары. Форум еркін пікірталас форматында өтті. Ол өз кезегінде жаңа қадамдар мен шешімдер табуға мүмкіндік береді.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Былтырғы өткен эйчарфорумдағы мәселеге байланысты өздеріңіз білесіздер, 29 жылға дейінгі мемлекеттік қызметті дамыту концепциясы қабылданды. Енді осы форумның негізінде жасанды интеллектіні «Е-қызметке» енгізу бойынша лаборатория ашылды. Осы біздің өзіміздің әдістерімізді, өзіміздің ойларымызды біздің әріптестерімізбен бөлісеміз және олардан тың деректерді күтеміз.
Қазіргі заман талабы – мемлекеттік қызмет сервистік сипатта болуы шарт. Айта кету керек, эйчар-форумы елдің осы бағытта қолға алған көп қадамының бір парасы ғана. Түпкі мақсат – бірінші кезекте проактивті қызмет көрсететін тиімді мемлекеттік қызметті қалыптастыру.
Берік Дүйсенбай, Дархан Күнтуов