Маңғыстау облысында құрастырмалы аурухананың құрылысы басталды
Осылайша өңір басшылары коронавирустың ІІ толқынына қамданып жатыр. Қосымша дәрігерлер әзірленіп, кадр резерві жасақталды. Аруханалар үш айға жететін дәрі-дәрмекпен қамтылды.
Маңғыстау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының ғимараты 40 жыл бұрын салынған. Санитарлық және инфекциялық қауіпсіздік талаптарына мүлде сай емес. Төсек саны да аз. Тез арада тығырықтан шығу үшін Ақтауда құрастырмалы аурухана салу туралы шешім қабылданды.
Гүлмира Әбішева, тілші:
- Модульді стационар құрылысы қызу жүріп жатыр. Мұнда 200 төсек болады. Аурухана республикалық бюджет қаражатына салынуда. Озық үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталады. Шамамен 1 қазанда құрылыс аяқталып, қолданысқа берілмек. Стационар қызметіне 300 маман тартылады.
Пандемия кезінде аймақта медицина қызметкерлерінің тапшылығы қатты сезілді. Қауіпті вирусқа шалдыққандарды емдеп-жазуға Ақтөбе университетінен жас түлектер, шығыстан әскери дәрігерлер, тіпті Ресейден мамандар көмекке келді. Коронавирустың екінші толқыны бола қалған жағдайда, оған тас-түйін дайын болу үшін кадр резері жасақталып жатыр.
Жамал Жаманбаева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда 183 дәрігер дайындалып отыр. Әлде де қажеттілігіміз 75 дәрігерді құрайды. Мамандарды жұмысқа тарту мәселесі облыс әкімшілігі көлемінде қарастырылып, басқа өңірлер мен медициналық ЖОО-мен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Соның ішінде үймен қамтамасыз ету мәселесі де тұр.
Инфекциялық және провизорлық стационарларда дәрі-дәрмектің үш айдан астам уақытқа жететін қоры жасақталды. Облыстың бас дәрігерінің сөзінше, 30 мыңнан астам антикоагулянт, 200 мыңға жуық бактерияға қарсы препарат сатып алынды. Оған қоса бетперде, қолғап, қорғаныш халаттары мен көзілдірігі жеткізілді. Жасанды демалдыру құралдары, рентген мен компьютерлік томографиялар да жеткілікті. Аймақта ПТР тәсілімен тест алатын барлығы бес мемлекеттік және жекеменшік зертхана жұмыс істеп тұр. «Онда он мыңға жуық тест сынамасы бар», – дейді бас санитар дәрігер. Қуанышқа орай соңғы аптада өңірде вирус жұқтырғандар мүлде тіркелген жоқ.
Ғазиз Надуев, облыстың бас санитар дәрігері:
- Соңғы жеті күнде Маңғыстау облысында коронавирус жағдайы тіркелген жоқ. Облыстағы ауру таралуын аудандар бойынша қарайтын болсақ, Ақтау қаласында 467 адам тіркелген, Жаңаөзенде 157, Түпқарағанда 38, Қарақияда 74, Маңғыстауда 414, Мұнайлыда 165, Бейнеуде 198 болатын болса, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш адамдары көп елді мекендерде тіркеліп отыр.
ДДСҰ болжауынша, екінші толқын қараша-желтоқсан айларында жүруі мүмкін. Осыған орай қыркүйектің 15-інен бастап тұмауға қарсы вакцина салынады. Тегін екпе медицина қызметкерлеріне, алты айдан асқан ауыратын балаларға, жетім балаларға, жүкті әйелдерге және созылмалы ауруы бар азаматтарға егіледі.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев