ШҚО-дағы жаңадан жөнделген жол жүруге жарамсыз болып қалды
«Жол жөнделетін болды» деп қуанып жүрген жұрт енді кесек тастардан құтыла алмай әуре. «Ал жергілікті әкімдік болса, одан басқа құрылыс материалын қолдану мүмкін емес», – дейді. Бұған не себеп?
Лидия Дюсупова – Новополяковканың байырғы тұрғыны. Ауыл басты жолдан алыс орналасқан. Сондықтан шешілмей жатқан мәселе шаш етектен. Мобильді байланыс, интернет жоқ. Жеті жоқтың қатарына жол да кіреді. Дегенмен, биыл ауыл көшелері жөнделеді дегенді естіп, сол сәтті халық асыға күтті. Алайда тақтайдай жолды елестеткен халық тоқпақтай тастарға тап болды.
Лидия Дюсупова, Новополяковка ауылының тұрғыны:
- Теледидардан керемет жол салынып жатқаны туралы жиі көреміз. Бізде де сондай болар деп ойладық. Қайдан білейік?! Келді де мынадай тастарды төсеп, кетіп қалды. Кәдімгі тас тиеп әкеліпті. Балаларымыз қалада. Келе алмай жүр. Өйткені көліктен түк қалмайды.
Шынымен де жол жөнделгелі бері автокөлік жүргізушілерінен маза кетіпті. Өйткені өткір қиыршық тастар дөңгелектің жұлма-жұлмасын шығарады.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Ауыл тұрғындары көшелердің жөнделуін талай жылдан бері күткен еді. Енді міне, не қуанарын, не қуанбасын білмей отыр. Өйткені жолдарды мынадай кесек-кесек тастар басып жатыр. Арасында тіпті салмағы 50-60 келіден асатын мынадай ірі тастар да бар.
Сергей Ткаченко да осындағы көптеген көршісі сияқты көлігін жөндеумен әлек. Тіпті кейде шаруасы көбейіп, көп жүріп кеткенде, күніне бірнеше рет дөңгелегін ауыстырады.
Сергей Ткаченко, Новополяковка ауылының тұрғыны:
- Көшедегі тастарды көрдіңіздер ғой. Кейде жол үстінде тоқтап, кесек тастарды шетке лақтырып, тазалап жүреміз. Әр күніміз осылай автокөлік жөндеумен өтеді.
Әкімдік болса, бұл жақтың жер бедеріне осындағы карьерден алынатын қиыршық тастардан басқа материал жарамайды дейді. Өйткені жауын болған сайын жер ми батпаққа айналады.
Сержан Байбосынов, Новополяковка ауылдық округінің әкімі:
- Климаттық жағдайға байланысты осыдан басқа жол материалы жарамайды. Ал оны ұсақтайтын техника жоқ.
Жолды жөндеуге 13 млн теңге қаражат бөлінген екен. Мердгер компания амалын тауып, тастарды тығыздап, тегістейміз деп уәде беріпті. Енді жұрт жолдың қайта жөнделуін асыға күтуде.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов