Депутаттар өзекті мәселелерді қозғады
Қазақстанда жердің 75% тозған. Сенат депутаты Руслан Рүстемов жаңа Үкіметтен елдегі топырақтың тозу мәселесін шешуді сұрады. Ал сенатор Арман Өтеғұлов шекара маңындағы ауылдардың проблемасын көтерді. Депутаттар тағы қандай өзекті мәселелерді қозғады?
Қазақстанның көрші елдермен шекаралас аудандарында 1 млн 786 мың халқы бар 2 мыңға жуық елді мекен орналасқан. Арман Өтеғұлов Батыс Қазақстан облысын мысалға алды. Онда шекара маңындағы 100 астам ауылдың барлығында дерлік жол жоқ, су жетіспейді, интернет пен ұялы байланыстың сапасы төмен. Одан қалды жұмыссыздық жайлаған. Сол себепті сенатор Премьер-министрге мынадай ұсыныс айтты.
Арман Өтеғұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобалар арасында шекаралас елді мекендер үшін ерекше артықшылықтар беруді қарастыруды, шекарада орналасқан ауылдық елді мекендерге инвесторларды тарту арқылы өндіріс күшін ұлғайту мәселесін қарастыруды, ауыл кәсіпкерлігін дамытудың негізгі проблемасы – кепіл мүлкінің өтімсіздігіне байланысты кредиттік ресурстарға қолжетімсіздігі. Осыны ескере отырып, басқа альтернативті кепіл түрін қарастыруды сұраймыз.
Ал елде топырақтың эрозияға ұшырауынан егіншілер егістік алқаптарын қысқартуға мәжбүр. Сенатор Руслан Рүстемов Үкіметті осы проблемаланы шешуге шақырды. Депутаттың айтуынша, Сыр өңірінде тұзданған жерлердің аумағы ұлғайып, топырақтағы зиянды тұздардың көбеюінен күріш алқаптарына қауіп төніп отыр. Бірақ соған қарамастан Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері қысқартылып жатыр. Сенатор осыған орай Қызылорда облысында мамандандырылған топырақтану зертханасын ашуды ұсынды.
Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Зертхананың құрылуы өңірде өсімдік шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, облыс тұрғындарының әл-ауқат деңгейін, оның ішінде ауыл шаруашылығы өндірісіндегі жаңа жұмыс орындарын арттыруға септігін тигізеді. Нәтижесінде топырақ құнарлылығын арттыру арқылы тыңайтқыштарды оңтайлы пайдалану, сортты таңдау, ауыл шаруашылығы дақылдарын сынау және шығару, оларды өсірудің агротехнологиялық стандарттарына сәйкестігін ғылыми қамтамасыз ету мүмкіндігі кеңейеді.
Елімізде жолдар да оңып тұрған жоқ. Мұны кеше Президент те айтты. Сенатор Бекболат Орынбеков өзінің депутаттық сауалында Жамбыл облысындағы жолдардың апатты жағдайына назар аударды.
Айталық, 2023 жылы Қордай ауданының жолдарында 238 апат болып, оларда 54 адам қаза тапқан. Сенатор сонымен қатар «Қордай» шекаралық өткізу бекетінің жұмысын жақсарту қажеттігін де атап өтті.
Бекболат Орынбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Өткізу пункті Қырғыстанмен шекарадағы ең ірі болып табылады. Тәулігіне 17 мыңға дейін жолаушы. Ал жазда олардың саны 27 мыңға дейін жетіп, 3 мыңға дейін жеңіл көліктер мен автобустар жүріп отырады. Үлкен кептелістің салдарынан халықтың сағаттап кезекте тұруына өз наразылығын білдіруде. «Қордай» өткізу пунктін шекаралық бақылаудың автоматтандырылған жүйесімен жарақтандыруға 470 млн теңге сомасында қаржы бөлуді қажет етеді.
Сондай-ақ депутат жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қарасу-Өтеген бағытындағы республикалық тасжолды күрделі жөндеуден өткізу керектігін айтады.
Бұдан бөлек сенаторлар Үкіметке орманды өрттен қорғау, бизнесті қолдау, өсімдік шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша сауалдарын жолдады.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков