Ақтөбе облысы әкімінің қатысуымен жемқорлықпен күрес мәселесі туралы брифинг өтті
Ақтөбе облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде жемқорлықпен күрес мәселесі сөз болды. Облыс әкімі мен департамент басшысы өңірде атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Қоғамның індетіне айналған сыбайлас жемқорлықты жою үшін қылмыстың алдын алу маңызды. Қазіргі таңда құзырлы департамент мамандары профилактикалық шараларға аса көңіл бөліп жатыр. Мәселен, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы коррупциялық тәуекелдерді белгілеп, жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізеді және жемқорлыққа қарсы мәдениет пен әдептілік қағидаларын қалыптастыруды көздейді.
Бауыржан Балғабеков, ҚР СЖҚІҚА Ақтөбе облыстық департаментінің басшысы:
- Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы негізгі бағыт – мониторинг жүргізу және қол астындағы қызметкері қылмыстық әрекетке барған мемлекеттік органдардың басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және парасаттылық қағидаттары мен мемлекеттік органдардың ашықтығын қалыптастыру.
Облыс басшысы мемлекеттік бақылауға балама ретінде қоғамдық бақылау институттарын құрып, түрлі кеңестердің рөлін арттыру маңыздылығын атап өтті. Жемқорлықпен күресте мемлекет пен азаматтардың күшін біріктіру өте маңызды.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Заңбұзушылық анықталған жағдайда тек біржақты жазалау әрекеті емес, қоғамдық талқыға салып, қоғамдық пікір қалыптастыру аса маңызды.
Тұрғындардың сенімін ақтау үшін бірінші кезекте атқарушы билік те қолжетімді болуы шарт. Сондықтан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірге өңірде 15 қызмет көрсететін әкімдік және төрт арнаулы кеңсе ашылып, 135 ауылдық округ әкімдігінде өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштарын ұйымдастырған.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков