Ақтөбе облысының өндіріс орындарында 100 мың әйел еңбек етеді
Ақтөбе облысының өндіріс орындарында жүз мыңға жуық әйел еңбек етеді. Жұмыстың ауырлығына қарамастан, ерлермен иық тірестіріп жүрген қыз-келіншектер құрметке лайық. Қаладағы кәсіпорындар мен мекемелерде мерекелік шаралар ұйымдастырылып, әйелдерге сый-құрмет көрсетіліп жатыр.
4 баланың анасы Нұргүл Жұмағалиева – тәжірибелі кран жүргізушісі. Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмыс істегеніне 30 жылдан асыпты. Хром рудаларын үгітумен айналысады. Бұған дейін шахта мен балқыту орнында еңбек етті. Айтуынша, ауыр жұмыстан қашқан емес.
Нұргүл Жұмағалиева, кран жүргізушісі:
- Бастапқыда қиын болды, бастапқыда 1-ші цехта бастадым, металл құйдым. Металл ыстық болды, жаз уақытына тап болдым. Содан үйреніп кеттім, енді 30 жыл жұмыс істеймін ғой. Жұмыс енді 12 сағат, бір күн күндіз істейміз, бір күн түнде істейміз. Жұмыс болған соң, жұмыс істеу міндетіміз ғой енді.
Нұргүлдің қызы Әйгерім де осы кәсіпорында еңбек етеді. Мектеп бітірген соң металлург мамандығына оқып, еңбек жолын осында бастаған. 5 жылда қарапайым жұмысшыдан білікті маманға айналды. Анасы секілді жұмысына жауапкершілікпен қарайды.
Әйгерім Жұмағалиева, цех маманы:
- Мамам осы зауытқа 20 жасында келген, мен де осы 20 жасымда келдім. Жұмысым өзіме ұнайды. Осы жұмыс арқылы өсуге де болады, еңбек етіп, өз мақсатыңа жетуге да болады. Өз-өзіңді көрсетіп, дамуға да болады.
Мұнда 700-ден астам әйел адам жұмыс істейді. Арасында бір отбасы мүшелері бар. Көпбалалы аналар да аз емес.
Манас Сарбопин, облыстық индустриялық инновациялық даму басқармасының бас маманы:
- 1-ші 2024 жылы 19 731 заңды тұлға тіркелген. Оның ішінде 96 мыңға жуық қыз-келіншек жұмыс атқарады. Олар қазір көктемде келе жатқан бірінші мейрам қыз-келіншектерге осы кәсіпорын тарапынан алғысхаттар дайындалып жатыр, сыйақы беріліп жатыр, ата-аналарына алғысхат жіберіліп жатыр.
Халықаралық әйелдер күніне орай қаладағы барлық кәсіпорында түрлі шара ұйымдастырылып жатыр.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.