19 қазан - Құтқарушы күні
Елімізде жыл сайын 10 мыңнан астам өрт оқиғасы болады. Айтып келмейтін апаттан біздерді қорғайтын – құтқарушы. Олар тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, әр кез өмірін қатерге де тігеді. Күні бүгінге дейін олар 421 мың адамды апаттан құтқарған. Қиын жағдайда зардап шеккен 72 мың адамға медициналық көмек те көрсеткен. Одан бөлек қазақстандық құтқарушылар Түркия мен Ауғанстандағы зілзала салдарын жоюға атсалысты.
Қызыл жалынмен күрес өртсөндірушілер үшін де оңайға соқпайды. 25 келіден асатын ауыр киім мен арнайы техниканы арқалаған мамандардың алдында тұрғындардың өмірін құтқару міндеті тұр. Ал 29 жылда өрт сөндіру кезінде 73 маман қайтыс болған.
Биыл мамандар өрттен 8 мың адамды құтқарыпты. Аға өртсөндіруші Бекжан Сағаділов 5 жылға жуық уақыттан бері осы салада жұмыс істейді. Төтенше жағдай бола қалса, 60 секунд ішінде жиналып, оқиға орнына жетуге дайын екенін айтады.
Бекжан Сағаділов, аға өртсөндіруші-құтқарушы:
-Бұл – драгер аппараты. Біз бұны түтінге кірген кезде тұрғын үй, жер төлеге кіргенде түтін бар болса, бара жатқан бойда киіп, дайындалып кіреміз. Қатты өрт болған кезде арнайы жасалғанды сыртынан киеміз. Қатты ыстыққа шыдамды. Тағы салмақ қосады. Біздің арнайы киіміміз жанады негізі. Ол жай шыдамды.
Қазір елімізде 38 өрт сөндіру депосы бар. Одан бөлек, 29 жыл ішінде 1 миллион 700 мыңға жуық өрт-құтқару автотехникасы мен 22 мың арнайы жабдық сатып алынған. Бұл - Астана қаласындағы нөмірі екінші мамандырылған өрт сөндіру бөлімі. Мұнда 80-нен астам маман еңбек етеді. Қажетті техника, құтқару құралдарымен қажетті көлемде қамтылған.
Даурет Жақыпұлы, №2 МӨСБ бастығының уақытша міндетін атқарушы:
-Астана қаласы бойынша барлық техникалар жаңартылды. Өрттер бойынша бізде жыл басынан бері 412 өрт тіркелді. 39-ы өрт есебіне жатқызылған, пәтерлерде болған, жеке тұрғын үйлердегі, заңды ғимаратта болған өрттер.
Жауапты министрліктің дерегінше, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер үшін жаңа норма қарастырылып жатыр. Мәселен, қызмет бабы бойынша тұрғылықты жерін ауыстыратын болса, мамандарға үстемақы беріледі және жүгін жеткізу шығыны өтеледі. Ең бастысы, баспана мәселесі де мемлекет есебінен шешілмек.
Дәурен Сабыраев, ҚР ТЖМ кадр және тәрбие жұмысы департаментінің басқарма бастығы:
-Азаматтық қорғау ұйымдарының арнаулы атақтары берілген қызметкерлерін тұрғын үй төлемдерімен қамтамасыз етуге қатысты нормалар көзделген. Егер де осы норма Мәжілісте қолдау тапса, 2025 жылдан бастап 10 мыңнан астам қызметкерлеріміз, әскери қызметкерлер секілді тұрғын үй төлемдерімен қамтамасыз етілетін болады.
Қазір еліміздегі өртсөндірушілер биік ғимараттардағы өртті өшіру кезінде дрондарды пайдалана алады. Сондай-ақ тез құрастырылатын заманауи модульді өрт сөндіру деполарының барлық өңірге қажеттілігі ескеріліп, жоба аясы кеңейтілді.
Авторлары:Диана Қадыр, Самат Сүлейменов