Қостанай облысында пандемияның екінші толқынына дайындық жүріп жатыр
Қосымша зертханалар ашылып, коронавирусты анықтайтын экспресс-тесттер сатып алынды. Қазір тәулігіне 1800 адамнан анализ алуға мүмкіндік бар.
Бүгінде Тобыл өңірінде COVID-19 індетін анықтайтын алты зертхана жұмыс істеп тұр. Қосымша диагностика бөлімшелерінің іске қосылғандығы тест қорытындысына тез қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтті. Оның екеуі Қарабалық және Қостанай аудандарындағы ветеринарлық станция базасында, үшіншісі облыс орталығында ашылды.
Бауыржан Көпжасаров, Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалы директоры:
- Бүгінгі таңда ПТР тестілерден 5 500 зертханалық және 16 мың зертханалық зерттеу жүргізуге басқа да реагенттер бар.
Облыста COVID-19 кең таралу шегі шілде айына тұс келді. Сол кезде індет жұқтырғандар саны 1616-ға жетті. Мамандар қазір жағдай тұрақталғанын айтады. Соңғы аптада вирус 15 адамнан анықталған. Алайда болашаққа жасалған болжам көңіл қуантпайды.
Людмила Налобина, ТКҚСҚ Бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Індет қайта өршуі мүмкін. Шамамен күздің ортасы, қараша айының бас кезінде COVID-19 тағы күш алуы ықтимал. Қазір керует орындар, құрал-жабдық, медициналық қызметкерлер үшін қорғаныш заттары тексеріліп, түгенделіп жатыр.
Жаңадан салынып жатқан жұқпалы аурулар ауруханасы да жоғары технологиялы құралдармен жабдықталады. 200 орындық аурухана алдағы қазан айында тапсырылуы тиіс. Жан сақтау, диагностика, терапия бөлімдерінде 170 маман жұмыс істейді.
Марат Дәуменов, облыстық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
- Бұл жерге басқа мекемелердің дәрігерлері шақырылады. Негізінде жергілікті қалада жұмыс істеп жатқан медицина жұмыскерлері тартылады.
Пандемияның саябырсыған сәтін пайдаланып, мамандар кәсіби біліктілігін арттырып жатыр. Мысалы зертхана қызметкерлері биоматериалдарды талдау, жеткізу, сақтау тақырыбында ДДСҰ дәріс-сабағын алды.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров