Шегірткемен күрес: нәтиже қандай?
Бұл - Қостанай облысының Амангелді ауданындағы көрініс. Өңірдегі ахуалды көрсету үшін жергілікті фермер Бексұлтан Сәндібеков есімді азамат қазіргі жағдай осындай деп, бейнежазбаны әлеуметтік желіге жүктепті. Айтуынша, үйірлі шегіртке алқапқа үздіксіз шабуылдап жатыр. Шегірткеден төнген қауіп қандай?
Әлеуметтік желіде таралған мына видеода егіс басындағы фермер: «Шегіртке қанаттанды, егістікті жайлады», – деп мұңын шағады.
Бексұлтан Сәндібеков, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Менің алқапқа келгеніме 10-15 минуттай уақыт болды. Осы аралықта үйірлі шегірткенің ұшуы бір сәтке де тоқтаған жоқ.
Қанатты зиянкестердің ең көп таралатын аймағы – Ақтөбе, Қостанай және Түркістан.
Ауыл шаруашылығы министрлігі: «Қостанай облысында шегірткенің белсенді болатынын алдын ала білдік», - дейді. Сол үшін жәндікті улау аймағы да айтарлықтай кеңейген. Бүгінге дейін 780 мың гектар аумақ өңделіпті.
Сергей Малецкий, оператор:
- Біз үшін ауа райы аса маңызды. Жауынды, ыстық күндері жұмыс істей алмаймыз. Сондықтан түңгі сағат 02:00-06:00 дейін, сосын кешкі сағат20:00, 21:00-ден түннің бір уағында дейін у себеміз. Желді күні шықпаймыз. Өйткені оның ешқандай тиімділігі болмайды. Ал ыстықта у буланып кетеді.
Қанаттанған шегірткені не істейміз?, - деп шырылдаған шаруаларды Ауыл шаруашылығы министрлігі де сабырға шақыруда. Айтуларынша, жағдай бақылауда. Құзырлы министрлікке сұрауымызға мындай жауап алдық.
Ауыл шаруашылығы министрлігі:
- Үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары үшін елімізде дәрі-дәрмек жеткілікті. 427 бірлік техника қолданыста. Қостанай облысындағы ахуалға қатысты айтсақ, 11-12 шілдеге қараған түні мамандар аумақта жедел химиялық өңдеу шараларын жүргізді. Қазіргі уақытта шегіртке ошақтары жойылды. Егінге зақым келген жоқ.
Жалпы еліміз зиянкеске қарсы күреске жыл сайын қыруар қаржы бөліп келеді. Соңғы 5 жылда қаржыландыру көлемі 15 есе өсіпті. Биыл да 8 млрд теңге қаралған. Жоспар бойынша 2,5 млн гектар аумақта шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Ердәулет Ыбырайұлы