Қостанай облысының үш ауылында құс тұмауы тіркелді
«Арқалық» құс фабрикасында тауықтардың өлімі-жітімі байқалып, кешелі бері ол жақта арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.
Мағауия Қалиев, тілші:
- «Арқалық» құс фабрикасындағы жағдай туралы ресми органдар әзірге жақ ашпай отыр. Жергілікті тұрғындардан сыр тартып, сұрастырып көргенімізде, біреулер ондағы ахуал күрделі десе, енді бірі әдеттегі өлім-жітім ғой деп, жағдай тұрақты екендігін айтады. Бізге белгілісі соңғы екі күнде фабрикада 300-ден астам құс қырылып қалған. Оның сынамалары Нұрсұлтан қаласына жөнелтілді. Тауықтардың неден өлгендігі соның қорытындысы бойынша белгілі болмақ. Бұған дейін фабрикада құстардың жаппай қырылуы бұрын-соңды болмаған. Сондықтан бұл шығынның кеселден келгенін мойындамасқа болмайды. «Ал Арқалық маңындағы ауыл-аймақтарда құстардың өлім-жітімі байқалған жоқ», – дейді қала әкімі Қайрат Әбішев. Оның айтуынша, мамандар аумақтағы өзен-көлдердің айналасын да тексеріп шыққан. Бірақ өлген жабайы құс көзге шалына қоймапты. Арқалықтан басқа өңірде тағы 4 құс фабрикасы бар. Ветеринарлар: «Олардағы жағдай қалыпты», – деп отыр. Айта кетелік, құс тұмауы анықталған Маяк, Сокол және Красный Пресня ауылдарында карантин жарияланды. Қазір сол жерлерде және маңайындағы елді мекендерде залалсыздандыру, вакцинация жұмыстары жүргізіліп жатыр.