Өскеменде ауыл әйелдері форумы өтті
Қыз-келіншектер арасында әсіресе бизнесті дамытуға ерекше ден қойылған. Өйткені мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерді пайдалана отырып, дами білген де жөн.
Бүгін Өскеменде өткен ауыл әйелдері форумында осы мәселе көтерілді. Аталған басқосу Президент жанындағы «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның» қолдауымен ұйымдастырылды.
Кезекті ауыл әйелдерінің форумы бұл жолы өлкедегі 150-ден астам белсенді қыз-келіншектің басын қосты. Онлайн режимде өткен жиында әйелдер ақпарат алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.
Альмира Жұмабаева, Әйелдер ісі жөніндегі облыстық комиссия хатшысы:
– Бұл форум нағыз серпіліс алаңы. Мұнда мықты идеялар туралы ғана емес, жақсы жетістікке жеткен азаматшалар туралы да айтылады. Шынайы үлгі-өнеге көрсетіледі.
Өңірдегі ауыл аймақта ірі кәсіпкерлікке ие болып отырған пысық әйелдер жетерлік. Әрбір төртінші ауылшаруашылық кәсіпорнын нәзік жанды басқарып отыр. Олардың арасында мал шаруашылықтары мен сүт өнімдері компаниялары бар. «Дегенмен, осындай басқосулар қолында мүмкіндігі бола тұра, кәсіп ашуға бейімделе алмай жүрген жандарға үлкен көмек», – дейді форумға қатысушылар.
Жұлдыз Ақтанжанова, «Ақжүніс» көпбалалы аналар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
– Маңыздылығы үлкен өйткені ауылдағы аналар талпынып жатыр ғой, өз істерін бастауға. Енді бес сиыр сауып отырған кейбір аналар бизнес бастау керегін түсінбейтін шығар, бізде кішкене сол жағынан саналарын оятып берсе, керемет жұмыс,керемет жоба болары сөзсіз.
«Сананы ояту үшін, міне, осындай ашық пікір алмасу алаңдары қажет», – дейді іскер әйелдер.
Елена Березинская-Әбілова, «Іскер әйелдер» өңірлік кеңесінің жетекшісі:
– Ешқандай қайтарымсыз 550 мың теңгелік грант беретін бағдарламалар бар. Бұрын оны алу қиынырақ еді,өйткені қосымша оқу курстарынан өту талап етілетін. 6 проценттік жеңілдетілген несиелендіру бағдарламаларын да пайдалануға болады.
Жалпы облыста өткен жылы 600-ден астам көпбалалы ана жарты миллион теңге көлеміндегі грантты иеленген екен. Ал осы күзде тағы 500 әйел осындай қолдауға ие болды.
Авторлары: Эльмира Ахметова.Жігер Бабаханов