Еліміздің шығысында ауқымды құрылыс басталғалы тұр
Олардың бәрі халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен кездесуде қоғам және үкіметтік емес ұйым өкілдері партияның қалалық сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын белгіледі.
Еліміздің шығысында ауқымды құрылыс басталғалы тұр. Мектеп, балабақша, үйлер азаматтардың өтінішімен салынбақ. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауына жолдаған. Соған сәйкес, Семей қаласын дамытудың бес жылдық жоспары дайындалып, 260 миллиард теңге бөлінеді деп шешілді.
Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:
– Жеке инвестициялар тартылады. Сондықтан мен ойлаймын, әрбір адам үшін, оның көңіл-күйі жақсы болу үшін нақты мәселелер шешілуі керек. Инфрақұрылым сенің аулаң, үйің тұратын, демалатын жерің, жұмысың. Сондықтан мен ойлаймын, Семейде бес жылда әлі талай жақсы жұмыстар атқарылады.
Демек қазақстандықтар денсаулық сақтау, тұрғын үй және жұмыспен қамтуға қатысты туындаған мәселелерімен де бөлісе алады. Партия алдағы 5 жыл ішінде осы салаларға басымдық беруге ынталы.
Ермак Сәлімов, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының төрағасы:
– «Еңбек» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті дамытуда жүздеген грант және шағын несиелер бөлу жұмыстары жалғасады. «Бизнестің жол картасы» және «Ақ ниет» бағдарламалары шеңберінде жүзеге асырылатын 90-қа жуық жоба бар. «ҚазАгро» қаржы институты арқылы шаруаларға субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер тағайындауда партияның белсенділігі жоғары болады.
Делегацияның жұмыс сапары Жидебай шатқалындағы «Абай-Шәкәрім» мемориалды кешенінде жалғасты. Нысан Мемлекет басшысының тапсырмасымен қалпына келтірілген. Зиялы қауым өкілдерінің Абай ұрпақтарымен кездесуінде ұлы ағартушының рухани мұралары талқыланды.
Төлеген Жанғалиев, Абай ауданының тұрғыны:
– Бұл сонау Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған сары жол. Ең бірінші рет өзі Президентке сайланғанда Абай елінен бастады. Одан кейін төрт рет Абай еліне келген. Одан кейін біздің елдің абыз ақсақалынан бата алған. Енді сара жол дейтін себебіміз, Тоқаев өзіміздің Президентіміз бірінші жолын Абаймен келді. Бірінші қаулысын Абайдың 175 жылдығын тойлауды қол қоюмен бастады. 25 жыл өтті Президентіміздің арқасында дүниежүзіне осында арнап той жасадық 150 жылдығын. Биыл 175 жылдығы.
Праймериз аясында өзінің сайлауалды бағдарламасын ұсынған 954 адам аймақ мүддесін қорғауға дайын. Әсіресе тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығында атқарылатын жұмыстарға ден қойылады. Айтпақшы, алдағы бес жылда Семейде тұрмыстық қалдықтар полигоны, төрт балабақша, бес мектеп, аурухана және оңалту орталығы тұрғызылады деп жоспарланған.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Медет Өмірханов