Саяжай тұрғындары аялдамаға дейін төрт шақырым жаяу жүреді
Маусымдық автобус бүгіннен бастап көктемге дейін жүруін тоқтатқан.
Келешек елді мекені маңындағы саяжайлар деп аталғанымен, Ақтөбенің шағын аудандарының бірі іспетті. Мұнда жыл бойы мекендейтін тұрғындар саны мыңнан асады. Облыс орталығы мен шаһардың Қарғалы және Нұр Ақтөбе аудандары ортасында орналасқан. Соған қарамастан қоғамдық көлік елді мекеннің ішіне тек мамыр және қазан айлары аралығында ғана бас сұғады. Өзге уақытта тұрғындар төрт шақырымға жуық жаяу жүріп, орталық жолдың бойына шығуға мәжбүр.
Сақтаған Рахметалиев, Саяжай тұрғыны:
- Балаларымыз қазір карантинге байланысты сабаққа бармай, үйде оқып отыр. Дегенмен ертеңгісін таңатпай жұмысшылар, қыз балалар шығады қараңғыда. Қазір білесіздер, әркімді зорлап, ұрып кетіп жатыр. Сондықтан бізге міндетті түрде автобустар керек.
Әдетте бүлдіршіндерді тасымалдайтын мектеп автобустары да бұл аумаққа бұрылмай, жол бойынан ғана жинап әкетеді. Жұмыс орнын айтпағанда, емхана мен балабақша, білім ордаларына қатынауы қиынға түскен тұрғындар бірнеше рет қала әкіміне арызданғанымен, нәтиже болмай отыр. Тек 2017 жылы суы тасып, халықты үдере көшірген Елек өзені ғана жаяулардың жолын қысқартады.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Саяжай тұрғындары қыс пен қақаған аяздың келуін асыға күтуде. Себебі сол кезде ең жақын аялдамаға 20 минут ішінде жаяу жетуге мүмкіндік туады. Ол үшін Елек өзенін осы тұста мұздың бетімен кесіп өтуге болады.
Алайда өзен бетін кесіп өту өте қауіпті. Әсіресе көктем кезінде тұрғындар жанын шүберекке түйіп, тәуекелге барады.
Қаланың іргесіндегі саяжай тұрғындарының бұл жайынан жергілікті шенеуніктер хабардар. Алайда жақын күндері бұл бағытта қоғамдық көлік тұрақты түрде жүрмейтіндігін жеткізді. Алдымен жүздеген түтіні бар ауданның жолдарына асфальт төселуі тиіс.
Жайық Қодаш, қалалық ТҮКШ бөлімі секторының жетекші маманы:
- Қоғамдық көліктерді магистральдық жолдармен жүргізуге міндеттіміз. Өйткені қазір Келешек елді мекенінде ішкі жолдарында асфальт жабындысы төселмеген. Сол себептен де біз қоғамдық көлікті Келешек елді мекенінің ішіне кіргізе алмаймыз.
Бұқара халықтың асыға күтіп отырған тасжолы қашан салынатынын қалалық коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандары айта алмады. Тек бюджеттің мүмкіндігіне ғана сілтей салды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков