Ақтөбе облысында 200-дей дәрігер жетіспейді
Ақтөбе облысында 200-дей дәрігер жетіспейді. Өңірде терапевт, кардиолог, хирург, анестезиолог және реаниматолог маман тапшы. Мәселені шешу үшін ауылда жұмыс істегісі келетін жастарға көтерме ақы тағайындалып, баспана беріліп жатыр.
Ақнұр Ералы емханада 6 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол мұнда Марат Оспанов атындағы жоғары оқу орнынының жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығын алған бойда орналасқан. «Әуелі емханада екі аптадай тәжірибеден өттім»,– дейді ол.
Ақнұр Ералы, №6 емхананың бөлім меңгерушісі:
-Ақ халат киіп, адамдарға көмектесіп жүру өзімнің негізгі армандарымның бірі болды. Сол арманымды қуып, оқуға түсіп, қазіргі таңда осы мамандығымның жемісін көріп жатырмын деп нық сеніммен айта аламын. Дәрігер болу жүректілікті, табандылықты қажет ететін мамандық болып есептеледі.
Бұл емханада 35 мың тұрғын тіркелген. Оларға 78 дәрігер, 115 мейірбике қызмет көрсетеді. Мұнда соңғы үш жылда 20 жас маман жұмысқа орналасты. «Сол арқылы маман тапшылығы мәселесі түбегейлі шешілді», - дейді аталған медицина мекемесінің басшылығы. Ал облыс бойынша 200-дей дәрігер жетіспейді. Хромтаудағы аудандық ауруханаға 12, Мұғалжар ауданына 10, ал Шалқарға 14 жоғары білімді дәрігер қажет.
Ақтоты Құстанова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
-17 жас маман аудандық ауруханаларға жұмысқа жіберілді. Дәрігер мамандығының беделін арттыру, ауылға мамандарды тарту және ұстап қалу үшін мемлекеттік қолдау шаралары күшейтілді. Мысалы, ауылдық жерде кемінде 5 жыл жұмыс істеуге келген дәрігерге бір мезгілде 8,5 млн теңге төленуі тиіс.
Жыл басынан бері өңірдегі медицина мекемелеріне 83 дәрігер жұмысқа орналасты. Соның үштен бір бөлігі жоғары оқу орындарында жергілікті бюджет қаржысына оқып, білім алған. Биыл бұл мақсатқа 46 мемлекеттік грант бөлінді.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков