«Медициналық қызметкердің мәртебесі» туралы Заң әзірленуі мүмкін
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысында депутаттар түйіні шешілмеген осы түйткілдерді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға тізді. Саланы заман көшіне, қалай бейімдеу қажеттігін байқатты.
Елімізде болашақ бір дәрігерді даярлауға бөлінетін қаржы көлемі сұрақ тудырады. Сенат комитетінің отырысында оның мөлшері 9 жыл бойы өзгермей келе жатқандығы айтылды. Бұл мамандардың кәсіби дайындығына әлі күнге дейін 640 мың теңге бөлінсе, болашақ заңгерлер мен ұстаздарды даярлауға жұмсалатын қаржы 2011 жылдан бері екі есе артқан. «Бұдан бөлек, елімізде тегін дәрі-дәрмекпен қамту жұмысында да іркіліс бар», – дейді депутат Ақмарал Әлназарова.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Бүгінгі талап бойынша дәрі-дәрмек көлемі жыл соңына дейін толық игерілуі тиіс. Ал келесі жылы қажетті медициналық препараттар сатып алынғанша, алғашқы 3-4 айында науқастар тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай жүреді. Мысалы, өңірлердің бірінде препараттың 285 түрі 1 айға кешіктіріліп жеткізілген.
Денсаулық сақтау саласын цифрландыру медициналық қызметкерлерді қағазбастылықтан арылту керек еді. «Алайда жаңашылдық ақ халаттылардың жұмысын керісінше одан әрі қиындатып жіберді», - дейді депутаттар.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Жүйеде бірыңғай платформа болмағандықтан, дәрігер науқас туралы бір ғана мәліметті сан түрлі бағдарламаға қайталап енгізуі тиіс. Бұл медициналық қызметкердің әрбір науқасқа тиісті көңіл бөлуіне үлкен кедергі келтіріп отыр.
Депутаттар: «Медициналық қызметкерлердің мәртебесі туралы» жеке Заң әзірлеу қажет», – дейді. Сонымен қатар ақ халаттылардың еңбекақысын арттыру және ынталандырудың тиімді жүйесін қалыптастыру күн тәртібіндегі маңызды міндеттерді бірі болуы тиіс деген пікірде. Себебі үздік денсаулық сақтау ісі – мемлекеттің қуатының көрсеткіші мен кепілі.
Авторы: Зайнұр Байжігіт