Қазақстандық вакцина қашан дайын болады?
Алғашқылардың бірі болып Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің екпе жасатқаны туралы ақпарат тарады. Жалпы Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның қанша түрі сыналып жатыр? Ол қашан дайын болады? Және оған қанша ерікті қатысып жатыр? Осы сұрақтарымызға жауап алу үшін біз бүгін студиямызға Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева ханымды шақырдық.
Зейін Әліпбек, жүргізуші:
– Жанна Дулатқызы, қазір елімізде барлығы қанша вакцина сыналып жатыр, оны кімдер ойлап тапты, вакциналарды сынауға қанша ерікті қатысып жатыр, олар қалай іріктелді?
Жанна Құрманғалиева, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрайымы:
– Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитетіне қарасты биологиялық проблемаларды зерттеу, ғылыми зерттеу институты наурыз айында коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеуге кіріскен болатын. Тиісті ғылыми бағдарлама қабылданды. Оның аясында жалпы 5 вакцина жасалуда. Оның екеуі қазір зерттеуден өтуде, яғни екеуі дайын. Оның ең біріншісі 15 мамырда дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы оны кандидаттық вакцина ретінде тіркеп, 30 тамызда оны клиникалық зерттеулерден өткізуге рұқсат берген.
Лаура Қуанышқызы, жүргізуші:
– Вакциналарды сынау барысы мен кезеңдері туралы айтып берсеңіз және бұл жұмыстарға жалпы қанша уақыт қажет?
Жанна Құрманғалиева, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрайымы:
– Сынақтың екі кезеңі болады. Ол екі кезеңге бір кезең 42 күннен тұрады. Бірақ бірінші және екінші кезеңнен жиырма бірінші күннен кейін екеуі бірдей бір мерзімде өткізілгендіктен жалпы екі кезеңге 63 күн керек. Қарашаның екінші онкүндігінің соңында мәресіне жетеді деген жоспар бар.
Зейін Әліпбек, жүргізуші:
– Денсаулық сақтау министрі: «Отандық екпенің бағасы 2-3 доллар, яғни 1000 -1200 теңге көлемінде болуы мүмкін»,- деді. Алексей Цойдың бұл пайымы қаншалықты дұрыс?
Жанна Құрманғалиева, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрайымы:
– 2 жарым доллар, 1000 теңгеден сәл ғана асатын баға. Бір дозаның бағасы.
Лаура Қуанышқызы, жүргізуші:
– Аймағамбетовтің казақстандық вакцинаны салдырғаны туралы ақпарат тарады, ол еріктілердің бірі ме? Қандай вакцина салынды және жағдайы қалай?
Жанна Құрманғалиева, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрайымы:
– Асхат Қанатұлы вакцинаны әзірлеудің бірінші күнінен бастап, осы жобаны тікелей өзінің бақылауында ұстады. Жұма сайын, күн сайын бүкіл лабораториялық зерттеулердің нәтижелерімен танысып, содан кейін клиникаға дейінгі, яғни лабораториялық жануарларға қатысты үлкен зерттеулер болды ғой, соның нәтижелерін біз дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына бердік, содан кейін дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеуден өткізді. Ол вакцинаның қауіпсіздігін дәлелдеді. Содан кейін бір жарым айдай бұрын министр өзіне ең бірінші вакцинаны біз өндірген өзіне салдырды. Жағдайы өте жақсы. Мен осы студияға министр өткізген жиналыстан келдім. Бүгін таңертең өздеріңіз білесіздер, ең үздік педагог конкурсының рәсіміне қатысты. Бұл ақпаратты біз таратқан жоқ болатынбыз, бірақ ақпараттық кеңістікке кетіп қалғаннан кейін, әрине, осындай мәлемдеме жасадық.
Зейін Әліпбек, жүргізуші
– Алғашқы вакцинаны қашан сала бастаймыз? Қашан нарыққа шығады?
Жанна Құрманғалиева, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрайымы:
– Ол бірінші кезекте екі кезеңнен тұратын сол зерттеулердің нәтижесін байланысты біздің Денсаулық сақтау министрлігі барлық тиісті тексерістен өткізіп, рұқсат бергеннен кейін салынады.
Зейін Әліпбек, жүргізуші
– Болжам бар ма? Шамамен қай кезде?
Жанна Құрманғалиева, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрайымы:
– Болжамдар қазір сынақтан өткізіліп жатыр. тиісті протоколдар болады. Сол бойынша еш ақпаратты алдын ала таратуға болмайды. Бірақ ең бастысы, бұл біздің қазақстандық вакцина қауіпсіз және иммунитет қалыптастыратын қабілеті өте жоғары.