Онкология бюджеті неге қысқарады?
Қазақстанда жыл басынан бері 2 мыңнан астам адам қатерлі ісіктен көз жұмған. Ал жыл сайын осы дертке шалдыққан 13 мың адам қайтыс болады. Қазір де онкологиялық ауру күннен күнге көбейіп барады. Бірақ соған қарамастан Денсаулық сақтау министрлігі салаға бөлінетін қаржыны 20%-ке қысқартпақ. Бұған не себеп? Салдары қандай болмақ? Мәжіліс депутаттары осы сұрақты сала басшыларына қойды.
Депутаттар әдеттегідей Мәжілісте емес, Астанадағы онкология орталығына барып, саланың сан түрлі мәселесін дәрігерлермен бірге отырып талқылады.
Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, ауру көбейіп жатқанда, бюджетті қысқарту деген ақылға сыймайтын дүние. Оның үстіне онкологиялық ауруханалардың әбден тозығы жеткен. Қондырғылары да ескірген. Мәселен, маммографтардың 40, ал эндоскоптардың 48%-і көнерген. Салдарынан пациенттер жөні түзу ем ала алмай отыр. Бірақ ең үлкен мәселе бұл емес.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ең бірінші үлкен проблемалардың бірі – бізде Қазақстанда 3-3,5 млн дейін азаматтар онкоскринингтермен, яғни онкологиялық ауруларды ерте анықтауға қол жеткізе алмай отыр. Неге? Өйткені бізде бұл азаматтар МӘМС жүйесінде жоқ. Ол азаматтар жаңағы шешімнің кесірінен 3 млн астам азамат уақытында анықталмайды. Одан кейін 2, 3, 4-стадияда келеді. Сол стадияда келгеннен кейін ол бізге мемлекеттік кепілдендірілген бюджетпен, сол ақшамен емделеді. Егер оны 0,1 деңгейде анықтасақ, бюджеттен кететін ақша аз болар еді.
«Сондықтан МӘМС жүйесінде жоқ азаматтардың скринингтен өтуіне жағдай жасалуы тиіс»,- дейді депутаттар. Ескірген қондырғыларды былай қойғанда, жаңа аппараттардың өзі бізде саусақпен санарлық.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Солардың бірі – ПЭТ, КТ дейді. Сондай маңызды дүниелер бар. Бізде қазір естіп отырмыз, соңғы коллегияда да бізге сонша ПЭТ-тер керегі жоқ деген. Неге керегі жоқ? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының минималды ПЭТ-тердің қанша болу керек деген стандартын қарасақ, 1 млн азаматқа кем дегенде 1 ПЭТ болу керек. Онда бізде Қазақстанда 20 ПЭТ КТ керек шығар? Бізде қазір тек 7 орталықта 7 жерде ғана беріліп жатыр.
Алайда Денсаулық сақтау министрлігі мұнымен келіспейді. Айтуларынша, елімізде ондай 10 аппарат бар. Одан бөлек, ауруханалар да жаңартылып жатыр. Алдағы жылдары Ұлытау, Алматы және Жетісу облыстарында онкологиялық орталықтар салынады. Қондырғыларды да біртіндеп сатып аламыз. Тіпті сақтандырылмаған азаматтарды да тегін тексерістен өткіземіз, - деп ақталды. «Ал бюджетті 20%-ке үнемдеуді қаржыны тиімді жұмсау деп түсінген жөн», - дейді. Себебі ауруханаларда артық ақша пайда болған.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Тексеріс кезінде онкологиялық диспансерлердің қаражатында 30 млрд-тан аса қаражат бар екенін біз көріп отырмыз. Қазірдің өзінде сол қаражаттар бар. Біздің негізгі мақсатымыз – сапалы және қолжетімді медициналық қызметтерді қамтамасыз ету.
Енді Денсаулық сақтау министрлігі саланы қаржыландырудың жаңа тарифін бекітпек. «Бұл республикалық бюджеттен бөлінетін қаржылық шығындарды жоюға және игерілмеген қаражатты қайтаруға мүмкіндік береді және ол пациенттерге еш әсерін тигізбейді», - дейді ведомство өкілі.
Айта кетейік, қазір елімізде 218 мың адам қатерлі ісікпен есепте тұр. Олардың 40 мыңнан астамы соңғы бір жылдың ішінде анықталған. Дәрігерлер: «Онкологиялық аурулардың күрт көбеюіне себептің бірі – коронавирус», - деп отыр.
Дамир Берікұлы, Аян Сәрсенбаев