Қарағандыдағы орталық көшеге Абай есімі берілді
Қазір үйлерге тақтайшалар ілініп жатыр. Сондай-ақ Қарқаралы шеберлері Ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойына керемет тарту жасамақшы.
Қарағандыдағы ең үлкен орталық көшелердің біріне Абайдың есімі берілді. Қазір мұндағы жүзден астам үйге тақтайшалар ілініп жатыр. Бұл – жергілікті тұрғындардың қалауы. Қоғамдық тыңдау өткен кезде халықтың 98% Ленин көшесін Абайға ауыстыруды қолдап, дауыс берген. Бірақ араларында тақтайшаларды орнатуға салық төлеушілердің қаржысы кетеді деп қарсы пікір білдіргендер де болыпты. Алайда жергілікті кәсіпкер Ерлан Әшім бұл шығынды толық өз мойнына алды.
Құдайберген Бексұлтанов, Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы:
- Пандемияға байланысты біраз созылып кетті, бірақ енді нақты Мәслихаттың шешімі қабылданды. Ол заңды түрде тіркеуден өтті. Бүгінгі күні күшіне енді, аншлагтар ілініп жатыр. Бюджеттен қаражат шығарған жоқпыз.
Ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойына жергілікті шеберлер де тарту әзірлеп жатыр. Қарқаралы тұрғыны Манарбек Кәрім Абайдың алып тұлғасын табиғи тасқа қашап салмақшы. Қазір күрделі жұмысты аяқтауға жақын. Ұлы Ерғазы – қолқанаты. Салмағы үш тоннадан асатын тау тасын шеберханасына жеткізу оңайға соқпапты. Оны Қорғантас тауынан бірнеше күн іздеп жүріп әрең тапқан.
Манарбек Кәрім, шебер:
- Аса ауыр болған жоқ. Өйткені кішкене қолымыз жаттығып қалған. Бормен бір кескіндеп алып, содан қашаумен ұрып, бейнесін келтіріп аламыз, содан кейін заманауи балгарканың көмегімен кескіндеп жатырмыз.
Бұл – шебердің екінші жұмысы. Айтуынша тас мүсін Жидебайға жіберіледі. Ал алғашқы еңбегі Қарқаралыдағы Абай тоқтаған көк үйдің алдына қойылған болатын. Келешекте Манарбек Кәрім Алаш арыстарының мүсінін жасап шығаруды да жоспарлап отыр.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев