Ертіс өңірінде психиатриялық қызметтің көмегіне жүгінген азаматтардың саны артты
Психологтардың айтуынша, қазірде ем қабылдап жатқан науқастардың ішінде коронавирустық инфекция жұқтырып, күйзеліске ұшырағандары да жетерлік.
Павлодар қаласының тұрғыны аты-жөнін айтудан бас тартты. Науқас карантин кезінде екіжақты пневмонияға шалдығып, провизорлық орталыққа түскен. Ем барысында өзі сияқты азаматтарды көріп, күйзеліске ұшырапты. Ешкімнің көмегі тимеген соң, психиатрлардың қабылдауына келген. Қазіргі уақытта невротикалық бөліміндегі ем-дом шаралары аяқтауға жақын.
Қала тұрғыны:
– Провизорлық орталықта коронавирустан көз жұмсандарды көрдім. Кейін күйзеліске ұшырадым. Ем қабылдай бастаған соң жеңілдікті сезіндім. Ұйқым дұрысталып, қорқыныш сезімі жоғалды.
Күйзеліс, апатия. Пандемия кезінде осындай психикалық ауруларға шалдыққандар көбейген. Бүгінде диспансерлік есепте 9 мың азамат тұр.
Роза Бабатаева, жалпы психиатриялық бөлімшенің меңгерушісі:
– Карантиндік шектеулер жеңілдетілген коронавирустық инфекцияны бастан өткергендер келе бастады. Олар індеттен айықса да, психикалық ауыртпалықтан арыла алмаған. Сондықтан стационарға келіп, дәрі-дәрмек қабылдады. Ең бастысы – дәрігерлердің көмегіне ерте жүгіну. Әйтпесе жан ауруы асқынып кетеді.
Облыста психологиялық қызметті реформалаудың басталғанына көп болған жоқ. Психоневрологиялық орталықта былтыр невротикалық ауытқулар бөлімі ашылды. Көмекке зәру адамдар үшін шұғыл желі де іске қосылған. Сенім телефонына тәулігіне 60-тан астам қоңырау түседі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп.
Виктория Ефимова, облыстық психоневрологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары:
– Жіті психоз ауруларына қарағанда невротикалық бұзушылыққа шалдыққан адамдар көбейді. Жиі кездесетіні – маусымдық депрессия. Сондықтан невротикалық бөлімшенің жұмысы күшейтілді. Бүгінде бөлімшенің тәуліктік және күндізгі бөлімдерінде 70 орын бар. қазіргі уақытта толуға жақын.
Ертіс өңірі психологиялық қызметті елімізде алғашқылардың бірі болып реформалады. Кешенді шаралардың нәтижесінде аймақтағы емханалардың жанынан психологиялық орталықтар ашылды.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Марат Игіліков