Павлодар облысында мал ұрлығы өршіп тұр
Қысқа қарай мал ұрлығы көбейеді. Қараусыз жүрген төрт түлік ұрылардың құрығына түседі. Жол-көлік апатына да себеп болады. Павлодарға қарасты Ақсу ауылдық аймағында бірнеше күн бұрын 25 жылқы ұрланды. Полиция қызметкерлері жол бойында жүрген 250 жылқыны айып тұрағына қамады. Жыл басынан бері өңірде малдың қатысуымен болған 17 жол-көлік апатынан 3 адам көз жұмған.
Луганск ауылының учаскелік инспекторы Бақыт Сүлейменов тұрғындарға малды қараусыз жіберудің қауіпті екенін түсіндіріп жүр. Жол бойында жүрген сиырлар айып тұрағына қамалды. Жануарлардың кімге тиесілі екенін ауылдың мал дәрігері анықтап берді.
Марат Келдібеков, ветеринар:
-Малдың сырғасында нөмірі жазылады. Соған қарап анықтаймыз. Сиырлардың иесін шақырып алдым. Оның атында 44 бас ірі-қара тіркелген. Мен учаскелік инспекторға ақпарат жағынан көмектесемін.
«Тұрғындардың қолындағы бес мыңға тарта малға арнайы жайылым бөлінген. Ал қыста қорада тұрады. Сондықтан қараусыз мал болмауы керек»,– дейді ауылдық округ әкімі.
Вадим Щеглов, Луганск ауылдық округінің әкімі:
-Ауылдық әкімдік, аудандық полиция бөлімі, мал дәрігері, сонымен қатар ірі ауыл шаруашылық кооперативімен бірге жұмыс істейміз. Бұл біріншіден – эстетика. Қаңғыбас мал ауылдың көркін бұзады. Екіншіден қақпасы ашық қалған үйдің ауласына кіріп, мүлкіне зиян келтіреді.
Иесіз мал ұрылардың да оңай олжасына айналады. Мысалы, Ақсу ауылдық аймағында жайылымнан 25 бас жылқы ұрланды. Полиция күдіктілерді тез арада тапты.
Жанна Белялова, облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:
-Жылқылар Ақсу қаласының ауылдық аймағына қарайтын Жолқұдық ауылының жанында жайылып жүрген табыннан жоғалған. Полиция қызметкерлері ұрыларды ізін суытпай ұстады. Облыстың төрт тұрғыны оларды сойып, етін Екібастұзға апарып сатпақ болған. Мал ұрлығына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бос жүрген малды кез келген ауылдың маңайынан кездестіруге болады. Полиция қызметкерлері оларды айдап апарып айып тұрағына қамайды. Облыс бойынша 300-ге тарта малды уақытша ұстайтын орын жасақталған. Одан кейін иелерін іздеп тауып, хаттама толтырып, малды бос қоя бергені үшін үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салады.
Жуырда полиция қызметкерлері жол бойында жайылып жүрген 250 жылқыны қамады. Шаруа қожалығы жануарларды GPS арқылы бағады. Ол бақташы жалдаудан арзанға түседі. Бірақ барымташылардан қорғай алмайды. Жалпы облыс бойынша жыл басынан бері 37 мал ұрлығы тіркеліпті. Төрт түлікті қараусыз қоя берген екі мыңға жуық адамға әкімшілік айыппұл салынған. Ал малдың қатысуымен болған 17 жол-көлік оқиғасында үш адам қаза тауып, 25 адам зардап шекті.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков