Алматылықтар Желтоқсан құрбандарын еске алды
Тәуелсіздік пен Желтоқсан оқиғасы егіз ұғым. Биыл Желтоқсан оқиғасына 38 жыл. Алматылықтар жыл сайын мерекеге орай «Тәуелсіздік монументі» мен «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, желтоқсан құрбандарын еске алады. Тағзым етеді. Биыл да осы дәстүрден жаңылмады. Салтанатты шараға қоғамдық ұйым өкілдері, қала тұрғындары мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты.
Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігіне айналған шаһар. Алаш арыстары армандаған Қазақстан егемендігі алғаш осы қалада жарияланды. Тәуелсіздіктің 5 жылдығына орай Республика алаңында монумент бой көтерді. Содан бері 16 желтоқсан күні жұртшылық осында жиналып, Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға құрмет көрсетеді. Себебі азаттыққа бастаған шеру дәл осы алаңда өткен еді.
Баян Бекетова, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:
-Тәуелсіздіктің маңызы өте үлкен. Барлығы осы алаңнан басталған. Біз ол кезде жалындаған жас едік. Көзі мөлдіреген қыздар едік, жігіттер едік. Біз еркіндікке ұмтылдық. Кейінгі жастарға айтатыным, елді сүйіңдер. Біздің алып берген эстафетаны, тәуелсіздігімізді сақтап қалыңдар.
Енді екі жылдан соң Желтоқсан оқиғасына 40 жыл толады. Десе де, оған қатысқандар сол бір қаһарлы күндерді ұмыта алар емес. Бәрі кешегідей көз алдында. «Олар Тәуелсіздіктің қадірін бүгінгі ұрпақ терең түсініп, қастерлесе екен»,– дейді.
Серік Мұхаметалин, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:
-Біз жылда келеміз. 16,17-сі күндері келеміз. Қазір бізді Желтоқсан қаһармандары деп айтып жүр. Жастарға, кейінгі саясатта жүрген азаматтарға рақмет, бізді қаһарман деп ұлықтап айтып жүр. Жастардың патриот, ұлтшыл болғанын қалаймыз.
«Тәуелсіздік» монументінен кейін көпшілік желтоқсан құрбандарына арналған ескерткішке барып, тағзым етті. Айта кетейік, қазіргі уақытта Алматыда Желтоқсан оқиғасына қатысқан 800-ден астам адам тұрады. Биыл оларға әкімдік тарапынан 250 мың теңгеден біржолғы төлем жасалды.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов