«Сақтансаң, сақтайды»: дүмпулер тағы қайталана ма?
Араға айдан аса уақыт салып, Алматылықтарды әбігерге салған жер сілкінісі қазір қандай ахуал туғызып отыр? Республикалық жедел штаб құрылып, төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес күштер мен құралдар әзірлікке келтірілді. 384 қабылдау пункті ұйымдастырылғанын тағы да естеріңізге саламыз. Алматы мектептерінде сабақ тоқтатылып, метрополитен де уақытша жабылған. Өзге тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бақытқа қарай жер сілкінісінен жапа шеккендер жоқ. Бірақ дүмпулер қашанғы мазамызды қашыра береді деген сұрақ туындайды.
Төтенше жағдай мамандары, сейсмологтар афтершоктар болуы мүмкін, бірақ ол анау айтарлықтай қауіпті бола қоймайды деуде.
Алматы қаласы мен төңірегі сейсмобелсенді ортаға жататынын айтып, Американы ашудан аулақпын, бұл баяғыдан белгілі жағдай. Десе де жерасты дүмпулерінің тарихына қысқаша тоқтала кетсек. 1887 жылы сол кездегі Верный қаласында Рихтер шамасы бойынша 7.3 баллдық зілзала болды. Қала қирап, 8 мың адам баспанасыз қалды, 159 адам көз жұмған еді. 1889 жылы Шілік, ал 1911 жылы Кемін зілзалалары болды. Ол кезде де жүздеген үй қирап, ондаған адам мерт болған еді. Тәуелсіздік алған жылдары 2009, 2011 және 2013 жылдардағы жер сілкіністері жұрт жадында.
Бүгінгі күнде ғимарат қирап, адам мертігетіндей жағдай жоқ, бірақ сақтансаң сақтайды. Ең басты сұрақ, бұл дүмпулер, афтершоктар қайталана ма? Әуелі ат үстінде жүрген төтеншеліктерден сұрадық.
Елнұр Райымбеков, ҚР ТЖМ дағдарыс жағдайларын басқару орталығы кезекші бөлімінің бастығы:
-Бес баллдық жер сілкіністен кейін афтершоктар болады. Біздің министрліктен берілген әртүрлі ережелер бар. Сонымен бірге мобильді қосымшалар бар. Ол жерде барлық іс-әрекеттер көрсетілген. Сол себептен осы жер сілкінісіне жататын аймақтар, осы ақпараттарды күнделікті өздері оқып оған дайындалып жүру керек. Өйткені осындай аймақтарда азаматтарға ол ең бірінші көмек.
Соңғы 5 жылда еліміздегі сейсмикалық құрылғылар 40 мыңға жуық жер сілкінісін тіркеген. Бірақ мамандар бұны геологиялық аймақтардың қалыпты сейсмикалық өмірі, әсері қатты байқалмайды деп түсіндіреді. Десе де сол соңғы 5 жылда дүмпуі сезілген 66 жер сілкінісі болған екен.
Қазақстандағы сейсмикалық қауіпті аймақтар
Еліміздің аумағы 2 млн 725 мың шаршы шақырым болса, соның 6,7% аумағында сейсмикалық қауіп бар. Өңірлерге тоқталсақ бұл Маңғыстаудағы Каспий мұнай алабы және Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарындағы таулы аймақтарды қамтиды. Ішінара сейсмикалық зоналар кен орындары орналасқан Қызылорда, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе өңірлерімен қатар Абай, Павлодар және Қарағанды облыстары шектесетін бұрынғы ядролық полигон аумағында кездеседі. Сейсмикалық аумақтар қауіптілік дәрежесіне қарай түстермен айшықталған. Ашық жасыл түс 6 баллға дейінгі толқуды көрсетеді. Қою жасыл түс 7, сары түс 8 баллға дейінгі толқу қаупін айшықтаса, қызыл түс 9 баллға дейінгі толқу қаупін білдіреді.
Алматының айналасы сейсмикалық белсенді аймақтарға жататынын араға ай салып жер сілкінісінің қайталануынан көріп отырмыз. Мамандарда бұл құбылыстарға қатысты пікір сұрадық. Үнемі осылай алаңдап, тақым қысып отыруымыз керек пе?
Нұрсәрсен Өзбеков, ҚР ТЖМ Сейсмологиялық бақылау және зерттеу Ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары:
-Енді Алматыдағы ғимараттардың сейсмикалық қауіпсіздігі қандай деген сұрақ туындайды. Мен мына бір жайға тоқтала кетейін. 2016 жылдан бері сейсмикалық қауіпсіздікті арттыру мақсатында жобалық құжаттық смета әзірлеуге 300 ден астам байқау өткізіліп, миллиардтаған ақша бөлінді. Мен тек бір млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған нысандарды ғана атап өтсем. Негізі олардың саны өте көп.
Қазір әлеуметтік желілерде тарап жатқан видеолардан ғимараттарда қабырғаның жарылуы, жиһаздардың бүлінуі сияқты кішігірім жайттарды көріп отырмыз. Бұл ретте төтеншеліктер Алматы қаласында орналасқан объектілердің залалын бағалау үшін аудандық Төтенше жағдайлар басқармаларына жүгіну қажеттігін хабарлауда. Өтініш берген кезде келтірілген зиянның фотоматериалдарын ұсыну қажет. Басқарма қызметкерлері ақаулы акт жасайды және оған аудандық әкімдік пен объект өкілдерімен бірлесіп қол қояды және өңірдің сейсмикалық ахуалын ескеретін болсақ әрбір адамда дабыл дорбасы болғаны абзал.
Жер асты дүмпулері қаншалықты қауіпті дегенге қатысты қазақтың даңқты ғалымы гидрогеолог Уфа Ахмедсафиннің бір мысалын айта кетсем. Марқұм Алматының астында миллиардтаған текше метр су бар деген болатын. Жер асты толқулары кезінде су қосымша қысым туғызып, жердің жарылуы, беткі қабаттың бүлінуі, қирауы болады. 50-ші жылдардан бері Алматының тіршілігі ғана емес шаруашылығы да сол жер асты суын пайдаланып келеді. Яғни қазір бүлдіретіндей қысым бола қоймайды деген екен. Яғни бір қарағанда тым қарапайым көрінген мысалдан үлкен жайды бағамдауымызға болады, осыдан жүз жыл бұрынғыдай қирау болмауға тиіс.