БҚО-дағы Жаңақала ауданы төрт түлікке беретін су таппай отыр
Оның үстіне биыл жазда жауын-шашын аз болыпты. Ал өткен ғасырдың 70-80 жылдары салынған суландыру жүйелері әбден тозған. Енді ауыл маңындағы сортаң су қоймаларынан тұзды шаң көтеріліп, тұрғындардың мазасын қашырып жатыр.
Бұл – Жаңалақаның дәл іргесіндегі саялы Соркөл. Кезінде суы кемеріне келіп, толқыны жағалауды ұрғанда туризмді дамыту туралы ұсыныстар түскен. Ауыл халқы тұзды судың емдік қасиеті мол екенін жарыса айтып жүретін. Соңғы жылдары аумағы 150 гектар болатын су қоймасы жағалаудан жүздеген метрге тартылып қалды. Аң мен құсы аулақтап, балық біткен батпаққа сіңіп жоғалғандай. Базары тарқаған көлдің айналасынан алақұйын дауыл көтеріліп, ауыл тұрғындарына қатер төндіре бастады.
Әділхан Бөкенов, Жаңақала ауданының тұрғыны:
- Осы Соркөл жақтан жел соққанда мына ауылымызға тұздың бәрі ұшады. Сонымен ауыл халқы демалып отыр, ауыл іші көкала шаң.
Арнасы құрғап, кенезесі кепкен келесі су қоймасы Жалтыркөлдің де жағдайы мәз емес. Кезінде бұл маңда аң-құстың сан түрі жыртылып айырылатын. Тіпті қызыл кітапқа енген құстардың талайы жыл он екі ай осы бір ғажайып мекенге тұрақтайтын. Су құстарын сақтап көбейту мақсатында бұл жерге қорық мәртебесі де берілген.
Талғат Серікқалиұлы, тілші:
- Жалпы Жаңақаланы «Қамыс самар елі» дейтіндер аз емес. Бұл аудан аумағындағы өзен-көлдерде қамыс құрақтың көптігінен болса керек. Құрғап қалған Жалтыркөлдің жағалауы да ну қамыс. Бірақ тамшы су да қалмаған соң бұл жерден де береке қашқан. Айналасында аң мен құсты былай қойғанда, жайылып жүрген малдың да қарасы көрінбейді.
500-ден аса шаруа қожалығы, 70 мыңдай ірі қара мен 200 мыңға тарта қой-ешкісі бар аудан үшін тіршілік нәрінен тарығу оңай емес. Аудандағы су көздерінің барлығы дерлік құрғап кеткен. Кейбір жерлер сорға айналып, оған ірі қара жиі бататын болды. Жайылым жер де аз. Суы ащы болған соң құдықтардан да пайда шамалы. «Қысқы мал азығының 30% ғана дайындадық. Сондықтан былтырдан қалған шөппен амалдаймыз», – дейді шаруалар.
Талғат Байкенов, шаруа қожалығының басшысы:
- Жаңақала ауданында немен айналысасың? Біз тігінші бола алмаймыз, бірдеңе еге алмаймыз. Ата кәсібіміз мал шаруашылығымен айналысамыз. Ал егер су болмаса, онымен адам қалай айналысады? Қазір кредит беріліп жатыр, оны алған адамдар малдарын қалай қыстан алып шығады?. Жағдайлары өте ауыр.
Жаңақалаға тіршілік нәрі Көшім каналы арқылы Жайықтан және Қарөзен мен Сарыөзен арқылы Ресейден жеткізіледі. Мамандар мұны осы өзендерден келетін су деңгейінің төмендеп кетуімен байланыстырады. Ал «Жаңақаладағы өзен-көлдерге су қашан жетеді?» деген сауалымызға жергілікті билік өкілдері былай жауап берді.
Аманжол Алпысбаев, БҚО әкімінің орынбасары:
- 2 млрд теңге бөлінді, биыл тағы да қолдады. Бұрын Ресейден осы қазан айында тоқтатып тастайтын. Қазір үш кубқа дейін жіберіп жатыр, сондықтан су болады, ол сұрақ шешілді.
Мамандардың айтуынша ауданды тіршілік нәрімен толық қамту үшін жылына 330 млн текше метр су қажет. Бірақ қазір бұл көлемнің жартысы ғана жеткізіліп отыр. Соңғы үш жылда Жаңақаладағы 16 су қоймасы түгел құрғап, екеуі ғана қалған. Су болмаған соң жем-шөптің бағасы да аспандап кетті. Шаруашылықтар шөпті көрші аудандардан сатып алып жатыр.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат жарылғасов, Қанат Махмұтов