Елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру
Қазақстан 2050 жылға қарай суға өте мұқтаж елдердің санатына кіруі мүмкін.
«Сондықтан үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз». Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр мәслихат депутаттарымен кездесуінде айтқаны. Жалпы Мемлекет басшысы ысырапшылдық мәселесін жиі қозғап жүр. Бұл проблема биылғы құрылтайда да сөз болды.
Елімізде суды мөлшерден тыс пайдаланатын нысандар бар. Олардың көбі көлік жуу орталықтары мен моншалар. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин: «Олар техникалық судың орнына таза ауызсуды қолданады, ал суды қайта өңдеу деген оларда атымен жоқ», - дейді. Депутат күніне қанша литр судың кәріз құбырына ағып кететінін есептеп те қойған.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Кіші көліктердің әрқайсысын жууға 200-250 литрдей су кетеді екен. Үлкен көліктерді жуғанда 500-700 литрдей су кетеді екен. Жалпы осы көлік жууға министрліктің есебі бойынша 100 млн куб су кетеді екен. Монша, сауналарда 120 млн кубтай су кетеді екен.
«Елімізде жан басына шаққандағы ауызсуды тұтыну көлемінің өте жоғары болуы да осыдан», - дейді депутаттар. Бір адамға шақсақ, күніне 3,5 тонна су жұмсалады екен. Бұл Батыс елдеріндегі су тұтыну көрсеткішінен 3 есе көп. Енді суды ысырап ететіндерге бөлек тариф белгіленеді.
Ал техникалық су орнына таза ауызсуды ағыл-тегіл пайдаланып жатқан көлік жуу орталықтары мен моншалар суды қайта өңдеу технологияларын орнатуға міндеттеледі. Қазір Су кодексіне осындай өзгерістер енгізіліп жатыр. Дәл сол секілді елімізде жылу да далаға кетіп жатыр. Себебі қазандықтар мен құбырлардың жартысынан астамы тозған. Оған есік-терезесі ескірген ескі үйлерді қосыңыз. Мемлекет басшысы: «Үнемді үлгі ету керек», - дейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Дамыған елдердің тұрғындары әр нәрсенің қадірін біледі. Үнемшілдік олардың өмір салтына айналған. Тіпті су мен жылуды ысырап етпеуді балаларға жастайынан үйретеді. Біздің азаматтарымыз да осындай үнемшіл болуы керек. Әсіресе суды үнемдеп тұтынуымыз керек. Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін.
Сарапшылар Президент айтқан үнемдеуді ауыз су мен жылуға ғана емес, басқа салада да кең қолдануды ұсынады. Экономист Талғат Демесінов мысалы бюджет қаржысын үнемдеу мәдениетін қалыптастыру керек, - дейді. Оның айтуынша елімізде 2010-2020 жылдары аралығында «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» атты мемлекеттік бағдарламаға Ұлттық қордан 7 трлн теңге бөлінген. Алайда оның тиімділігі сол күйі тексерілмепті. Одан бөлек, қаптаған ұлттық компанияларға жыл сайын қазынадан миллиардтап қаржы бөлуді де ысырапшылдық деп санайды.
Талғат Демесінов, экономист:
- Мысал келтірейін, «Қазақтелеком» ұлттық компаниясы. Бұл «Қазақтелеком» жартылай мемлекеттік ұйым болып табылады. Бұны да тексеру керек. Өйткені былтырғы жылы өзінің жұмысын шығынмен аяқтаса да, оның топ-менеджерлері, 4 үлкен басшылары өздеріне әрқайсысы 42 млн теңгеден сыйақы алған.
«Мұндай мысалды тізуге он саусағың да жетпей қалады», - дейді сарапшы. Мемлекет қазынасын жеке әмиянындай көретін шенеуніктерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі талай ұстап та жатыр. Бірақ бюджет қаржысын бей-берекет шашу тыйылар емес. Президент үнемдеу туралы айтқанда ысырапты да ұмытпау керегін қайта қайта еске салады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бізде материалдық қана емес, рухани ысырапшылдық та бар. Өзіңді, еліңді дамытуға қажетті қаншама алтын уақыт өнбейтін дау-дамайға, еш пайдасы жоқ іске жұмсалып жатыр. Әрқайсымыз үнемшіл әрі ұқыпты болсақ, еліміздің берекесі арта түсер еді. Ұрпақтың санасына осыны сіңіре беруіміз қажет. Осы дерттің бәрінен түбегейлі арылсақ, ұлтымыздың сапасын жақсартамыз, оны мүлде жаңа деңгейге көтереміз.
«Президент мұның бәрімен қоғам болып күресуіміз қажет екенін айтады. Ал ол үшін қоғам мүшелерінің бәрі заң мен тәртіп алдында бірдей болуы тиіс», - дейді сарапшылар. Әйтпесе бұл бағыттағы бастама сөздер де ысырап болуы мүмкін.
Дамир Берікұлы, Абзал Азаматұлы, Аян Сәрсенбаев