Шымкентте газ тартуға уақытша шектеу қойылған
Мегаполисте шағын және орта бизнеске ғана емес, қарапайым тұрғындарға да газ тартуға уақытша шектеу қойылған. Мәселе шаһар республикалық қала мәртебесіне ие болғаннан кейін күрделене түсті. Іргелес жатқан Түркістан облысы аумағынан қалаға 40-тан астам елді мекен қосылды. Абонент саны артқан соң, қолданыстағы газ тарату бекеттерінің қуаты кеміді.
Қала тұрғыны Елена Бакаева бір жылдан бері табиғи газды қостыруға әрекеттеніп жүр. Негізі ол тұратын орам бұрыннан газдандырылған. Алайда жаңадан салынған жеке үйлерге көгілдір отын берілмей отыр. Өйткені осы маңға табиғи газды тарататын стансаның жүгі шамадан тыс. Сондықтан жаңа станса салынғанша, күтуге тура келеді.
Елена Бакаева, қала тұрғыны:
- Қалада газдың күш қуаты мардымсыз. Бұл мәселе қашан шешімін таппақ? Жыл өтсе де көгілдір отынға жарымай отырмыз. Бұл мені қатты мазалайды, өйткені егер үйде жылу болмаса, қабырғалары құлайды. Жеке тұрғын үйдегі жылудың өзі газға тәуелді.
Қалада былтырдан бері газға жаңа абоненттерді қосуға мораторий жарияланған. Себебі адам саны бір миллионға жетіп, қала іргесі кеңейгелі бері газ тапшылығы сезіле бастады. Оның үстіне қазір күн санап жаңа аудандар мен ғимараттар бой көтеруде. Сондықтан қаладағы бұрынғы газ тарату станцияларына екі есе салмақ түсіп отыр.
Жолшыбек Шайхсламов, Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:
- Бүгінгі күнге дейін қалада газдың жетіспеушілігі туралы мәселе бар. Қазір шаһар тұрғындарының 92% көгілдір отынмен қамтылған. Ал халықтың 8% газды тұтына алмай отыр. Оған себеп қолданыстағы газ таратушы 1-ші және 4-станциялардың күші қаланың барлық аумағына жетпейді. Қуаттылығы бар болғаны сағатына 180 текше метр.
Шынында да 250 мың абонент көгілдір отынды тұтынғысы келгенімен, әзірге оған мүмкіндік болмай тұр. Бүгінгі таңда қалада өткізу қабілеті 250 000 м3/сағ болатын, автоматтандырылған газ тарату станциясы салынып жатыр. Құны 9 млрд теңге болатын жоба құрылысы әуелі 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған еді. Енді ол жеделдетіліп, осы жылдың қарашасында қолданысқа берілгелі жатыр.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов