Қостанайда рейдтік шаралар күшейтілді
Түнгі уақытта ойын-сауық орындарын бақылау барысы да қатаңдатылады. Бұл жолы мониторингтік топ қалалық автобустарда карантин талаптарының сақталуын назарға алды. Жүргізушілер мен жолаушылар маскалық режимді қаншалықты ескеруде? Қоғамдық көліктердің ішінде әлеуметтік арақашықтық сақтала ма?
Мониторингтік топ өкілдері есіктен кіргенше көлік жүргізушілері бетперде мен қолғабын киіп алуға тырысады. Тек содан кейін ғана мониторингтік топ өкілдерін ішке кіргізеді.
Мұндай заң бұзушылық үшін автобус жүргізушісіне 80 мың теңгеден астам айыппұл салынуы мүмкін. Карантин талаптарын ескермеген жолаушылар да осындай сомадан қағылады. Әзірше олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Бірақ адамдар жауапкершілікті енді сезіне бастағандай», – дейді аңғарымпаз тасымалдаушылар.
Автобус жүргізушісі:
– Көбісі маска тағады. Қомақты айыппұл салынатынын жақсы біледі. «Жолаушыларға маска тағып жүріңдер», – деп күнделікті айқайға басудан шаршайсың ғой. Өзіміздің жұмысымыз да жеткілікті. Бұл жерде бізге кінә тағу дұрыс емес.
Тексеріс кезінде қоғамдық көліктердің ішінде адам аз болды. Бірақ әркез осылай емес. Жолаушылардың айтуынша, тұрғындардың жұмысқа баратын немесе қайтатын кезінде автобуста ине шаншар орын болмайды.
Анастасия Кампанеец, жолаушы:
– Әсіресе адамдар таңертең салонда сығылысады. Бұл кезде бәрі жұмысқа, оқуға барады.
Бетперде мен қолғап қорғаныш құралы екені даусыз. Бірақ оған қоғамдық көліктерде антисептиктің болуы міндетті. Сондай-ақ іші күнделікті залалсыздандырылып отыруы тиіс.
Нұрдәулет Бейсенов, қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:
– Егер заң бұзушылық болса, жергілікті полиция қызметінің өкілдері материал жинайды. Сосын есепті хаттама құрастыру үшін Тауарлар және қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолдайды.
Облыс орталығында рейдтік шаралар жиілей түспек. Бұдан былай нысандарды мониторингтік топ түнде де тексереді.
Сәуле Нұрпейісова, Тауарлар және қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін БД баспасөз хатшысы
– Рейд жұма, сенбі күндері өтетін. Бүгіннен бастап күнделікті күндіз және түнде ұйымдастырылады. Түрлі той, беташарлар осындай уақытта болып жатады ғой. Бұрын заң бұзушылықтар дүкендерде көптеп тіркелетін. Сатушылар қолғапсыз, маскасыз қызмет көрсететін. Ал қазір адамдар бұқаралық шараларды жиі өткізуге дәмеленіп алғандай.
Қазір аймақта 90-ға жуық мониторингтік топ жұмыс істейді. Соңғы үш айдағы тексеріс карантин шараларын бұзған 5 мыңдай деректі тіркеген. Салынған айыппұл мөлшері 62 миллион теңгеге жуықтайды.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров