Дәрігерлерге 18 реанимобиль мен 8 жылжымалы кешен табыс етілді
Замануи қондырғылармен жабдықталған су жаңа автокөліктерді бүгін өңір басшысы Бердібек Сапарбаев дәрігерлерге салтанатты түрде табыстады.
Сонымен бірге жуырда бастау алған «Таза жүрек» акциясының аясында «Халық алғысы» медальдары да өз иелерін тапты.
Олар қандай құрметке де лайық. Арасында адам жанының арашашысына айналған ақ халаттылар да аз емес. Пандемия кезінде 4 мыңнан аса жамбылдық дәрігер қатерлі індетке қарсы тұрды. «Таза жүрек» акциясы аясында жанқиярлық еңбегімен ерекшеленген 12 медицина саласының қызметкері «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Гүлнәр Сейітқұлова, Жұқпалы аурулар ауруханасының аға лаборанты:
– Осы еңбегімізді бағалап, марапаттап жатқанына өте қуаныштымын. Халыққа әрқашан қызмет етуге дайынбыз. Қазақстан халқына айтатыным, алда келе жатқан індетке байланысты сақтандыру шараларын сақтап, денсаулығымызды түзейік. Әрі қарай бәрі жақсы болса екен деймін.
Аймақтың емдеу нысандарына 18 замануи реанимобиль табысталды. Әр көлік 24 литр оттегімен және өзге де қажет қондырғылармен қамтылған.
Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:
– Биылдың өзінде 5 миллиардтай қаржы бөлдік. Осы денсаулық сақтау саласын көлікпен, керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін. Негізінен біз ең керек деген құрал-сайман жабдықтармен денсаулық саласын толығымен қамтамасыз еттік. Бүгінгі таңда 1,5 айлық дәрі-дәрмек қоры бар.
«Ал 8 аудандық ауруханаға берілген жылжымалы диагностикалық кешеннің де пайдасы зор», – дейді мамандар.
Әсет Қалиев, Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Бұл жылжымалы комплекстер аудан орталықтарына барады. Ол жерде флюро, рентген, гемотологиялық, биохимиялық анализдер алу, ультрадыбыстық зерттеу жасауға толық мүмкіншіліктері бар. Былай айтқанда, жылжымалы емхана ретінде жұмыс істей алады.
Білікті дәрігерлер басы ауырып, балтыры сыздаған алыс ауыл тұрғындарына қажетті медициналық көмек көрсетеді.
Авторы: Талғат Серікқалиұлы