Семейде шыршадан құлаған мұғалім ауруханадан шықты
Семейде «шырша құрамын», - деп құлаған мұғалім ауруханадан шықты. Биіктіктен құлаған ұстаздың бас сүйегіне зақым келген. Бірақ заңсыз жұмысқа тартылған Қуат Айтқалиевке мемлекеттен әзірге өтемақы төленген жоқ.
Еске салайық, 21 желтоқсанда №49 мектеп мұғалімі қаланың жаңажылдық шыршасын безендіру кезінде биіктен құлап, зардап шеккен еді. Ол қалыпты өмірге оралу үшін бірнеше ай оңалтудан өтуі керек,-дейді дәрігерлер.
Қуат Айтқалиев жаңа жыл қарсаңында шырша құруға барып, 5 метр биіктіктен құлаған болатын. Қазір мұғалім үйінде ем қабылдап жатыр. Екі айдан соң оған тағы бір күрделі ота жасалады.
Сымбат Аянқызы, Қ.Айтқалиевтың зайыбы:
- Дәрігер өзінің шешімімен бізді үйге жіберді. Біз бірақ ол больницадан шыққанымен әлі де қаралудамыз. Оңалту орталығынан әлі де ем алады. Екі айға дейін операцияға дайындаламыз.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова: «Мұғалімнің қосымша жұмысқа тартылғаны құжат арқылы дәлелденсе, жұмыс уақытында тартылған болса, өндірістік жарақат деп танылады»,-деді. Ал құжат арқылы дәлелденбесе, ешқандай өтемақы төленбейді.
Тоқтарбек Түсіпбаев, мемлекеттік еңбек инспекторы:
- Ол кісінің қазір денсаулығына байланысты жұмысқа шығып кетуі де мүмкін. Ешқандай жұмыс күшін жоғалтпай-ақ. Егер ол кісі жұмыс күшін жоғалтатын болса, онда оған өтемақылар тағайындалатын болады. Ол әлі белгісіз.
Білім басқармасы мен қалалық әкімдік өкілдері сұқбат беруден бас тартты. Оқиғаға қатысты сот шешімі шыққан соң ғана пікір білдіреміз деді. Ал мұғалім жұмыс істеген нөмірі 49-шы мектеп директоры денсаулығына байланысты демалыс алған екен. Оның міндетін атқарушы маман ешқандай ақпарат бере алмаймыз, - деп қысқа қайырды.
Нұрлан Құрманов, мектеп директорының міндетін атқарушы:
- Ары қарай жұмысы сақтала ма, сақталмай ма, мен ештеңе айта алмаймын. Өйткені мен уақытша міндетін атқарушымын. Директорымыз 17 желтоқсаннан бастап аяғын сындырып, денсаулығына байланысты еңбек демалысында.
Бүгінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 362-бабы, яғни лауазымдық өкілеттерін асыра пайдалану бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр. Мұғалім ешбір келісімшартсыз жұмысқа тартылған болса, заңды бұзғандар жазаланады. Зардап шеккен ұстазға қандай көмек көрсетілетіні сот шешімінен кейін белгілі болады.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов