Қызылорда облысында тұқым-бақ түрленіп, алманың алуан түрі өсіріліп жатыр
Мұнда тал-теректің өзіне ерекше күтім керек. Дегенмен аймақта соңғы жылдары алма бағын жайқалтып, мол өнім алушы шаруашылықтар қатары көбейді. Өңірде суармалы судың тапшылығы қатты сезіліп отырғанда, жеміс бағын жайқалту қаншалықты тиімді?
Бұл 5 гектар жерге 13 мың түп көшет егілген. Алманың үш түрлі сорты бар. Жеміс беру кезеңіне қарай жаздық, күздік болып бөлінеді. Ағаштардың бойы аласа болғанымен, жемісті мол береді екен. Мұнда тамшылатып суару технологиясы қолданылады. «Дегенмен Қызылорданың қатал климаты өнімге өз әсерін тиігізді», – дейді шаруалар.
Еркін Бекжанов, шаруа қожалығының төрағасы:
- Төбесін тормен жабуды осы күзде қарастырып жатырмыз. Бізде күн қатты ыстық. Алманың бетіне қара дақтар түсіреді екен. Тауарлық түрін құртады.
Сыр өңірі шөлейтті келеді. «Ауқымды бау-бақша тұрмақ, бір тал шыбық шығару үшін ерекше күтім керек», – дейді мамандар. Алайда Жаңақорғандық бағбан Амантай Сарбасов жеміс-жидек көшеттерін әуелі жерсіндірудің маңызын алға тартып отыр.
Амантай Сарбасов, агроном:
- Көбі «бізде өспейді, бізде болмайды» дей береді. Өзінің дәнінен, ішіндегі тұқымынан шыққан алмаға жетпейді. Олар 70-80 жыл жасайды. Олар 500-600 кг бір түп алма береді.
Аймақта биыл алғаш рет жеміс-жидек көшеттерін дайындайтын арнайы тұқымбақ іске қосылды. Мұнда алманың он сорты өсіріледі. Өрік пен жүзімнің де бірнеше сортын бағбандар алысқа сабылмай осы жерден ала бастаған. Грек жаңғағы мен миндаль фундук жаңғағы да өсіп тұр.
Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық Ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:
- Мысалы күріштің суару нормасының шығыны бір маусымда 24 мың гектардан 34 мың гектарға дейін барады. Ал алма дақылы 4-5 мың куб метрден артпайды. Тамшылатып суару жағдайында одан да төмен болатыны белгілі.
Сыр өңіріндегі суармалы су тапшылығы егінді әртараптандыру қажеттігін айқындай түсті. Осы ретте аймақта жыл сайын шамамен жеміс-жидек бақтарының аумағын 70-100 гектарға ұлғайту жоспарланған. Ал елімізде бау-бақшадан жиналатын жеміс-жидек көлемін 2025 жылға қарай 420 мың тоннаға жеткізу жоспары бар. Ол үшін көшет сапасынан бастап, жерсіндіру, будандастыру мәселесінде ғылыми ізденістер керек. «Сонда ғана қазір небәрі 60% шамасындағы ішкі нарық ауқымын толық қамтамассыз етіп қана қоймай, сыртқа сатуға мүмкіндік туады», – дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев