Қызылорда облысы су тапшылығынан қиналып отыр
Жаһандық жылыну салдарынан әлемнің көп елінде құрғақшылық жайлады. Қазақстанның кей аймақтарында қуаңшылық жағдайына бейімделу үшін суды үнемдеу шараларын енгізу қажеттігі туындады. Мәселен, Қызылорда облысы соңғы жылдары су тапшылығынан қиналып отыр. Суармалы жердің 22% қатты тұзданып, сортаңға айналуда. Экологиялық мәселені шешудің қандай жолы бар?
Қызылорда облысында тұзданған жерлер аумағы ұлғайып барады. Бұл егіннің өнімділігін тежейтіні белгілі. «Сонымен қатар жыл сайын су тапшылығынан қиналып отқан шаруалар үшін қосымша шығын. Азық-түлік қауіпсіздігіне де айтарлықтай кері әсер етеді»,— дейді диқандар.
Болатбек Тәуіпбаев, агроном:
-Негізі тыңайтқыштың бағасы, құны күріштің өзіндік құнын қымбаттатуға әкеледі. Негізі күріштің өзіндік құны қазіргі таңда көтеріліп тұрғаны да бір жағынан шығынның көп болуынан.
Биыл Сыр өңірінде күріш алқабының көлемі 5 мың 100 гектарға қысқарады. Ал мал азығы және жүгері, көкөніс, бақша дақылдарының көлемі 47 мың 300 гектарға артады. Дегенмен аймақтағы инженерлік жүйеге келтірілген алқаптардағы топырақтың құрамы ұзақ жылдар бойы зерттелмеген. Қарашірік қабаты, қоректік заттар мен пайдалы элементтер көрсеткішін анықтау мүмкін емес. Өйткені өңірде бұл жұмыс жүйеленбеген, арнайы зертхана да жоқ.
Әсет Тоқтамысов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
-Ол жерде өсімдікке қажетті азоттың мөлшері қандай, фосфор, калий басқа да микроэлементтердің қанша мөлшері қалды, қаншасы бар деп бес жылда бір рет карта жасап беріп тұратын. Қазір ондай мекеме жоқ, карта жасалмайды. Егін егетін кезде қанша тыңайтқыш беру керек, осының бәрін білмейді.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысында суармалы жерлердің 22% өте қатты тұзданған болса, 33% орташа, 44% әлсіз тұзданған. «Өңірде күріш көлемі қысқара берсе, жердің тұздану қарқыны күшейеді. Бұның аяғы суармалы жерлердің тозып, жарамсыз болып қалуына әкеледі. Ал күріш орнына кез келген дақылды егудің де теріс әсері болуы ықтимал. Сондықтан өңірдің экологиялық және табиғи ерекшелігіне сай топырақты зерттеу қажет»,— дейді сенатор Руслан Рүстемов.
Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Зертхананың құрылуы өңірде өсімдік шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын арттыруға септігін тигізеді. Нәтижесінде, топырақ құнарлығын арттыру арқылы тыңайтқыштарды оңтайлы пайдалану, сортты таңдау, ауыл шаруашылығы дақылдарын сынау және шығару, оларды өсірудің агротехнологиялық стандарттарына сәйкестігін ғылыми қамтамасыз ету мүмкіндігі кеңейеді.
«Топырақ картасын жасау арқылы Арал аймағындағы бірқатар экологиялық мәселелерді шешуге болады»,— деп топшалайды мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев