Алматы облысы өзге өңірлерді тұқымдық картоппен қамтамасыз етуге әзір
Нарынқол өңіріндегі барлық шаруа қожалығы қазір осы тұқымды өсіріп, көбейту жұмыстарымен айналысып жатыр. «Болашақта жаңа сұрыпқа деген сұраныс артса, біз оны еліміздің өзге өңірлеріндегі шаруашылықтарға таратуға әзірміз. Өйткені бұл дақылды өсіретін жерді жиі ауыстырған сайын өнімділік өте жоғары болады», – дейді Райымбек ауданынның картоп өсірушілері.
Райымбек ауданындағы бұл шаруа қожалығының Голландиядан әкелінген картоп тұқымын өсірумен айналысқанына екі жыл болды. Олар өткен жылы әр гектардан орта есеппен 40 тоннадан өнім алған. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Ал биыл қоймаға мың тоннадай картоп жиналған. Қазір соның 400 тоннасын саудалап үлгерді. Жергілікті шаруалар картоптың әр қабын 4 мың теңгеден сатып жатыр. Алынған өнім негізінен облыс аумағы мен ірі мегаполис Алматы қаласының нарығына шығарылады.
Руслан Сәлім, шаруа қожалығының басшысы:
- Жаңа репродукция, агрия да алынды. Жақсы нәтиже берді. Екеуінде де жаман емес. Қазір 100% осы аймаққа таралды деп айтуға болады.
Райымбек ауданы бойынша биыл 6 044 гектар алқапқа картоп өсірілді. Соның 5 мың гектарға жуығы шаруа қожалықтарында болса, қалғаны үй шаруашылығында.
Нұрлан Оралқұлов, Райымбек аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- 2018 жылы Голландиядан 218 тонна тұқым келген. «Санте», «Агрия» тұқымдары болды. Сол тұқымдар бірінші жылы 70 гектарға егіліп, 70 гектардан 16 мың тонна тұқым алынып, 2020 жылы 3 мың гектарға себілді. Биыл енді әр гектардан 215 центнерден өнім алып отырмыз. Сол тұқымды биылғы жылы тағы да көбейтіп, осы картоп тұқымын жақсарту мақсатында жұмыс істейміз.
Аудандағы ірі шаруашылық қожалықтары Голландиядан әкелінген тұқымды еліміздің өзге өңірлеріне шығаруға әзір. Бірақ тұқымдық картопқа деген сұраныс көктем мезгілінде артады. «Еліміз бойынша биыл 200 мың гектарға жуық алқапқа картоп егіліп, әр гектарынан орта есеппен 204,7 центнерден өнім алынды. Жалпы көлемі 3 млн құрайды. 829 мың тоннадай картоп жиналды. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті. «Қазақстан өткен жылы көрші елдерге 300 мың тоннадай картоп экспорттады», – дейді еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер. Экспорт көлемін ұлғайту үшін, әрине, ең алдымен тұқым жаңартылып, өндіріске озық технологиялар енгізілуі қажет. Ұлттық экономика министрлігінің статистика жөніндегі комитетінің мәліметінше, биыл картоптың әр келісіне 104 теңгеден баға белгіленген.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев