Хабар телеарнасы

Қазақстан ет экспортын арттырады

Еліміз ет экспортын арттырады. Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытай нарығына үміт артып отыр. Аспан асты елімен тұралап қалған сауданың бұл түрі жақында қайта жанданады. Ал ол қазақстандық шаруаларға не береді? Ауылда мал ұстап отырған ағайынға әсері бар ма?

Көкшетаулық Еркін Әбдірахманов, 10 жылға жуық уақыт мал шаруашылығымен айналысады. Жылқы мен ірі қара семіртеді. Етін сатып, нәпақасын айырып отыр. Шаруаның сөзінше, экспорт көбейсе, ең алдымен етке деген сұраныс артады. Ал бұл төрт түлікпен күнін көріп отырған ауылдағы ағайын үшін едәуір көмек. Бірақ мемлекеттік қолдауды да ұмытпау қажет, дейді ол.

Еркін Әбдірахманов, шаруа:

- Жем-шөп қиындау боп барады. Қыс қатты болды биыл өте. Қаншама мал қырылды, жылқы малы. Сондықтан да біздің жақта көбі қорқады. Енді мемлекеттен жем-шөппен көмектессе, экспортқа шығаруға болады.

Шаруаның сөзін сарапшылар да қолдайды. «Егер шет елдерге көптеп өнім сата алсақ, фермерлердің табысы көбейіп, ауыл халқының мал ұстауға деген қызығушылығы артар еді», - дейді ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев.

Мақсұт Бақтыбаев, Қазақстан ет одағының төрағасы:

- Эскпортсыз мал шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Етке сұраныс көп болса, мал басы көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Қытайға ет сату қайта жанданады деп отырмыз. Ал Өзбекстанға бұрын жылына 200-250 мың бас мал сататынбыз. Қазір бұл көрсеткіш 4-5 есе азайды. Сондықтан оны да көбейтуге күш салу қажет.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері дәл қазір Қазақстанның ет экспорты бойынша ала тақиялы ағайындар алдыңғы орында тұрғанын айтады. Онымен қатар Ресей, Беларусь және Қырғызстан елдеріне де өнім сатып отырмыз. Ендігі меже – Қытай.

Саят Хамзин, ҚР АШМ департаментінің басқарма басшысы:

- Қытайға экспортқа келетін болсақ, ол бізде көптеген жылдардан бері шектеу болған. Биылғы жылдан бастап қана бұл шектеулер алынып тасталды. Екі жақтың жүргізген жұмыстарына байланысты. Мысалы, Мемлекет басшысы барды. Қазіргі таңда хаттама толтыру жұмыстары жүріп жатыр. Ол біткеннен кейін нақты кәсіпорындардың нақты тізімі жасақталып, экспорт жүзеге асатын болады.

Бірақ әзірге қай айда және қанша тонна ет жөнелтетініміз нақты белгісіз. Бір белгілісі, Қазақстанда жылына тек ірі қара етінің өзі 500 мың тоннадай өндіріледі. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге толық жетеді. Ал экспортқа кететіні 5 пайыз да болмайды, дейді жауаптылар. Мәселен, 2023 жылы еліміз 16 мың тонна ірі қара және 6 мың тонна қой етін сыртқа саудалаған. Ендігі міндет – бұл көрсеткішті еселеу.

Авторлар: Дамир Берікұлы, Самат Сүлейманов.