Елімізде экологиялық нормаларды бұзған кәсіпорындарға жаза қатаңдатылуы мүмкін
Экологиялық заңнаманы үнемі бұзатын ірі кәсіпорындарға қатаң жаза қолданылады. Бүгін Мәжілісте Экологиялық Кодекс жобасы және экология мәселелері бойынша бірқатар Заңдарға өзгеріс енгізу жөніндегі құжаттар мақұлданды.
Таза ауа, тұнық су, тылсым табиғат. Оны лайлап, ауасын ластауды мейлінше азайту – мемлекет деңгейіндегі міндет. Ауаны былғаған кәсіпорын айыппұл төлейді. Жаңа Экологиялық Кодекс жобасында егер нысан озық қолжетімді технологияларды уақытылы енгізсе, төлемнен босатылуы ғажап емес. Бірінші кезеңде мұнай-газ, тау-кен, химия салаларына қатысты ластанудың 80 проценті тиесілі 50 ірі кәсіпорынды үздік технологияларға көшіру жоспарланған.
Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Кодекс жобасында бағдарламаға өзгеріс енгізу көрсеткіштерге кезең-кезеңімен қол жеткізу кестесін қайта қарау мүмкіндігі қарастырылмаған. Осыған байланысты депутаттар егер бұл қоршаған ортаға теріс әсерін төмендетуге ықпал етпесе, оператордың кестеге өзгерістер енгізу құқығын көздейтін түзету енгізді.
Бағдарламаны орындауға 10 жыл уақыт берілмек. Объектілер кешенді экологиялық рұқсаттарға көшуі тиіс. Үкімет ұсынған Кодекс жобасында 10 жылда жұмыс аяқталмаса, кәсіпорындар ірі айыппұл төлеуі керек. Депутаттар мұның әлеуметтік салдарын ескеріп, түзету енгізді.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Егер тиісті уақытта кәсіпорын қажетті көрсеткішке қол жеткізбесе, кешенді экологиялық рұқсат алынып қойылады. Салдарынан нысан жұмысын тоқтауы мүмкін. Сондықтан депутаттар оларға бір жыл уақыт беруді ұсынды. Есесіне, кәсіпорындар зиян мөлшерін 70 процентке дейін төмендетуі тиіс. Осыған қатысты пікіріңіз қандай?
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
– Бұл норма Мәжіліс алаңында кәсіпорын басшыларымен бірге ұзақ талқыланды. Біз оны қолдаймыз. 10 жыл ішінде құрылғылардан ақау шығуы мүмкін, жұмысты аяқтауға 1 жыл беруге келісеміз.
Құжат жобасында жылқы, ірі қара, құс секілді үй жануарларын табиғатты ластаушы ретінде үшінші санатқа енгізіліп отыр. Яғни қорасындағы малының саны 100-ге дейінгі кез келген ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер оны тіркетуі тиіс. Бұдан бас тартқан шаруа қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Экология министрлігі бұл норманы да дұрыс түзбеген. Депутаттар тағы түзетуді талап етті.
Мұрат Теміржанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– 100-ден кем деген ол 50 немесе 10, тіпті 5 малы болса да декларация жасауы тиіс дегенді білдіреді. Сонда 20-30, не 100 тауығы бар шаруа олардың ауаға бөлетін зиян мөлшері туралы ақпарат беруі үшін не істейді?
Яғни ауылдағы шаруа бірді-екілі құс баққаны үшін облыс орталығына ат артып баруы қажет. Осы тұста бір тауық пен бір табын малдың айырмасы жер мен көктей деген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин ірі қара, жылқы, құс үшін, оның табиғатқа әсері бөлек-бөлек көрсетіліп, нақты механизм түзілуі тиіс деп тапсырды. Министр тағы да келісті.
Айта кетейік, Кодекс жобасына сай мемлекеттік экологиялық сараптама өткізуге тек 1-2 санаттағылар міндеттеліпті. Депутаттар оған үшінші дәрежелі нысандарды да қосуды сұрап отыр.
Гүлнар Бижанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Жанармай құю станциялары, пластик, минералдық тыңайтқыш, өндіріс нысандары секілді кәсіпорындар жататын үшінші санат неге экологиялық сараптамадан босатылуы тиіс? Депутаттар оларды экологиялық бақылауды қалдыруды сақтауды сұрайды.
Мәжіліс Төрағасы химиялық өндіріспен айналысатын нысандарды экологиялық бақылаусыз қалдыруға болмайтынын атап өтті. Министрлік екінші оқылымға өзгертіп әкелетін болды. Тағы бір өзгеріс. Жергілікті атқарушы органдар енді бюджетке түсетін экологиялық төлемдерді 100 процент тек табиғатты қорғауға жұмсайтын болады. Депутаттар осындай да түзету енгізді. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин экологиялық мәселені шешуде экономиканы да ескеру қажеттігін еске салды.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Экологиялық Кодексті жыл соңына дейін қабылдау туралы нақты тапсырма берген болатын. Осыған орай депутаттар осы саладағы проблемаларды шешуге, сонымен бірге экологияны таза ұстауға, қорғауға және табиғи байлықтарды сақтауға қатысты маңызды нормаларды енгізді. Сондықтан жаңа Кодекс заманға сай технологияларды пайдалана отырып, еліміздің экономикалық жағдайын жақсартуға арналған нақты қадам деуге болады.
Айта кеткен жөн, Әкімшілік құқық бұзушылық, Салық Кодекстеріне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Тиісті заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды. Қоршаған ортаға шектен тыс, рұқсатсыз эмиссиялар үшін әкімшілік санкциялар 10 есе, қалған құқықбұзушылық 2 есе ұлғайтылмақ.
Авторы: Индира Жылқайдарова