Хабар телеарнасы

Бағаның бұлай шарықтауына не себеп?

Тұтынушылар әсіресе шемішке майының қымбаттағанын айтып шағымдануда. Ол 15 процентке көтерілген. Бағаның бұлай шарықтауына не себеп?

Алматыда халық көп тұтынатын азық-түлік бағасы өскен. Атап айтқанда, қант – 28 процентке, шемішке майының бағасы 14,6 процентке артқан. Сондай-ақ қарақұмықтың да құны көтерілгені байқалады. Қымбатшылық халықтың қалтасына әжептәуір салмақ салып тұр.

БЛИЦ:

– Киінуді қойдық қазір. Азық-түлікпен ғана өтетін болды өміріміз

– Тамақтың да бағалары қымбаттап кетті. Әрине, қиын, қиындап кетті қазір.

– Қазір бес литр майыңыз 3 мың теңге болып жатыр. Кезінде сол майларды 1700-1800-ден алғанбыз.

Мамандар: «Азық-түліктің қымбаттауына шикізаттың аздығы себеп болып отыр», – дейді. Мәселен, биыл қант қызылшасының алқаптары азайған. Сондықтан ішкі нарықтағы шикізат тапшылығы тұтынушыға жететін дайын тауардың бағасын шарықтатып жіберуде. Елімізде бар шикізатты шетелдік компаниялар сатып алуда.

Еркебұлан Оразалин, Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы:

– Олар бір мезгілде көп объемда сатып алуға дайын. Ол тек осы май өнімдерінде ғана емес, көп позицияда байқалынады. Мысалы, көкөністерде де картоп Ресейде аз болғандықтан, бізге келіп, біздің солтүстік аймақтардан олар көп өнімдерді сатып алып, әкетіп жатыр. Соған байланысты, мысалы, картоп былтыр осындай кезде килосы 85 теңгеден сатылған болса, қазір 100 теңгеге дейін өсті. Ол нарықтың заңдылықтары. Біз қала тарапынан Үкіметке арнайы хаттамаларды ұсыныстармен жіберген болатынбыз.

Қала билігі тарапынан бағаны тұрақтандыру үшін екі мың тонна қант сатып алынып, ірі супермаркеттерге төмен бағамен қойылған. Май шығаратын зауыттармен бағаны көтермеу туралы келісімдер де жасалған.

Еркебұлан Оразалин, Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы:

– Қарақұмық бағасы өскен. Жылдың басында бізде егер 295 теңгеге бір килограмы сатылатын болса, қазір енді 364 теңгеге өскен. Майдың бағасы бізде алдында 2700 теңге болатын, қазір 2850 теңгеге дейін өсті.

Бағаны тұрақтандыру шаралары қаладағы 2-3 супермаркеттегі бағаларды ұстап тұруға ғана мүмкіндік беруде. Ал көтерме базарда азық-түлік бағасы тіпті қымбат. Шемішке майының бес литрі – 3 мың теңге, қанттың келісі – 300, қарақұмық 400 теңгеден саудалануда.

Базар нарқы осындай. Халық азық-түлікті күн сайын құбылған бағамен сатып алуға мәжбүр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов