Хабар телеарнасы

Алматыда «Тәуелсіздік бастауы – желтоқсан» көрмесі ашылды

Алматыдағы Орталық музейде мереке қарсаңында «Тәуелсіздік бастауы – желтоқсан» көрмесі ашылды.

Желтоқсан оқиғасына арналған көрме жыл бойы жұмыс істеп тұруы қажет. Оған арнайы орын бөлінуі керек. Желтоқсан оқиғасына қатысушылар осылай, - дейді. Бұл жас буынды ұлтжандылыққа, патриоттыққа, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғынуға үндейді.

Көрмеге қойылған деректі материалдар, тарихи дәйектер, фотосуреттер 1986 жылдың желтоқсанынан сыр шертеді. Экспонаттардың қатарында КСРО халық әртісі Әзірбайжан Мәмбетовтың көтеріліске қатысқанын дәлелдейтін қанға боялған киімдері бар. Сонымен қатар Қайрат Рысқұлбековқа қатысты құжаттарды да осы жерден көруге болады.

Қанағат Аятов, Орталық музейдің кіші ғылыми қызметкері: 

- Оның ішінде фотосуреттер бар, оның ішінде көтеріліс кезінде демонстранттарға қарсы қолданған арнайы арматурадан жасалған дубинкалар бар. Одан бөлек, арнайы электромагнитофон бар. Смағұл ағамыз жасаған статуэтка бар. Мүсіні бар, қоладан бар. «Ер-азамат Ержан» деген картинасы бар.

Алматылық Ерлан Декелбаев үшін бұл көрменің жөні бөлек. Себебі өзі де Желтоқсан оқиғасының қақ ортасында жүрді. Осы оқиғадан соң қуғынға ұшырап, 6 жылға сотталып, оның екі жылын түрмеде өткізген. Бостандыққа шыққан соң жұмысқа тұра алмай қиналған. Тек жанкешті еңбегінің нәтижесінде ізденіп жүріп, 1996 жылы толық ақталып шыққан. Кейін режиссердің көмекшісі ретінде «Алла жар» фильмін түсіруге қатысқан. Көрмеге өзінің де жеке заттары қойылған. Ол ең бастысы ұрпақтарымыз тәуелсіздіктің қадірін жете түсінсе екен, - дейді.

Ерлан Декелбаев, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:

- Тәуелсіздігіміздің құндылығы, оның маңыздылығы және оңай жолмен келмегені туралы жастарымыз көбірек, кеңірек таныса деген мақсатта осы музей қызметкерлері осында үлкен көрме ұйымдастырылып отыр. Тек қана Тәуелсіздік күні жақындағанда ғана емес, 365 күн тұратын үлкен көрме болса екен деп отырмыз.

Ержан Ұзақ та осы көрменің қадірлі мейманы. Желтоқсанда бір топ құрылысшы жігітпен бірге алаңда болған. Ол да әбден қудалауға түскен. Тіпті 1988 жылы Арменияға кетіп қалуға мәжбүр болады. Онда Спитақ қаласын жер сілкінісінен кейін қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, екі жылдан соң бірақ елге оралады. Сол бір қаһарлы күндерді толқымай, еске алу мүмкін емес, - дейді.

Ержан Ұзақ, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:

- Алдыңғы қатарда тұрғанбыз. Дубинкалармен құлатып келе жатқан кезде бір қызды ұрып құлатты. Қазақтың қызы. Кішкентай ғана. Тастап кете алмадым. Ар-намысым жібермеді, көтеріп алдым, тиіскеніміз жоқ. Арамызда зуылдап жүрді, тоқтаттым да қызды көтеріп, өлі ма, тірі ма, білмеймін, салып жібердім.

Көрменің ашылу салтанатында мектеп оқушылары мен курсанттар патриоттық өлеңдер оқып, әндер орындады. Желтоқсан куәгерлері естеліктерімен бөлісті.

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев