Мәдениет және ақпарат саласының 158 өкілі мемлекеттік марапатқа ие болды

  • 8
  • 24.10.2025, 19:37

Еңбегі еленгендердің қатарында «Хабар» Агенттігінің ардагері Тілеуқабыл Мыңжасар бар. Тікелей репортаждың тарланы, «Хабар аға» атанып кеткен белгілі журналист «Құрмет» орденіне ие болды. Бұдан бөлек, «Хабар» Агенттігінің Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі Арыстанбек Кенже мен «Хабар» телеарнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар қызметінің бас редакторы Ақбөпе Бәкір «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 

Тілеуқабыл Мыңжасар, ардагер журналист:

- Осындай күндерде марапат беріледі деп жатыр, оған қуанып жатырмыз. Кешегі күндерде ізіміз қалған, үніміз қалған бізді «ардагер» деп сыйлап, құрметтеп жатқанына мен дән риза боп келіп отырмын.

Арыстанбек Кенже, «Хабар» Агенттігі» АҚ Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі:

- Елдің, Үкіметтің назарын халықтың қарапайым проблемаларын шешуге атсалысып келе жатырмыз. Енді мерейтой қарсаңында осындай марапатқа ұсынып жатыр екен. Бұл тек менің емес, менің жетекшілік ететін Атыраудағы тілшілер қосынының жетістігі.

Ақбөпе Бәкір, «Хабар» телеарнасы Ақпараттық-сараптамалық қызметінің бас редактор:

- Республика күніне орай беріліп жатқан марапаттар Хабардың 30 жылдығымен де сәйкес келуі – біз үшін ерекше нышан деп түсінеміз. Өмірдегінің ең маңыздысы – өзіңе қуаныш беретін кәсіпті табу. Сол кәсіптен ләззат алып жұмыс істесең, сол кезде өміріңнің мәнін түсінесің.