Ақтөбе облысында екінші тоқсаннан бастап тағы 33 мектеп дәстүрлі білім беруге көшеді
Ол үшін өңірде эпидемиологиялық ахуал қалыпты болып, бүлдіршіндердің санитарлық қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі шарт. Облыстық Білім басқармасы өкілдері өңірдегі оқу ордаларының жаңа кезеңге дайындығы туралы баяндады.
Облыс орталығындағы №21 мектеп-гимназиясында 2 мыңға жуық оқушы білім алады. Бірақ қазір оқу ордасының ғимараты бос тұр десе де болады. Себебі балалардың тек төрттен бірі ғана, оның ішінде бастауыш кластары бірнеше ауысымға бөлініп, дәстүрлі жолмен білім алуда. Өзгелері қашықтан, онлайн режимінде оқиды. Ол үшін мектеп қорындағы 80 компьютер мұқтаж жандарға үлестіріліпті.
Гүлжанат Әли, №21 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:
– Біздер мектеп-гимназияның өзінің қорындағы барлық компьютерлерді оқушыларға таратып бердік. Сол бізде сұранысты қанағаттандырды. Сол себепті біздер артық компьютерге сұраныс білдірмедік.
Дегенмен электрондық құрылғыларға мұқтаж жандар өзге мектептерде бар. Сондықтан оқу жылы басынан білім ордаларына тиесілі 20 мыңнан астам компьютер үлестірілген. Карантиндік кезеңді тиімді қолдануды көздеген жергілікті билік екі мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтты. Жаңа ғимараттар да салынуда.
Ләззәт Оразбаева, Ақтөбе облыстық Білім басқармасының жетекшісі:
– Ақтөбе облысы бойынша 20 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 8-і жыл аяғына дейін берілуі керек. Оның көпшілігі осы Ақтөбе қаласына қатысты. Аудандарда бар. Негізінен бұл мектептердің барлығы үш кезеңді мектептердің мәселесін шешу. Сол сияқты авариялық жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу.
Мәселен, Шилісай ауылындағы 600 орындық мектеп құрылысы келер жылы аяқталуы тиіс. Әзірге облыс орталығы іргесіндегі ауылда тек 50 оқушы болғанымен, санаулы жыл ішінде тұрғындар саны әлдеқайда ұлғаюы мүмкін. Себебі жеке тұрғын үй құрылысына 800-ге жуық жер телімі үлестірілген. Сондықтан ауыл балаларына арналған білім ордасы жуырда пайдалануға беріледі.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков