Қазақстан мен Ресей жасанды интеллект саласын бірлесіп дамытады
Қазақстан мен Ресей бірлескен ғылыми және ғарыштық зерттеулердің жаңа бағдарламаларын іске қосып, жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Бұл туралы Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәскеуге сапары барысында мәлімдеді. Министр Мәскеу авиация институтының ректорымен кездесіп, жоғары білікті кадрларды даярлау мәселесін талқылады.
Байқоңырдағы Мәскеу авиация институтының «Восход» филиалының ашылғанына биыл 60 жыл болды. Оқу орыны еліміздің Ұлттық ғарыш орталығы мен «Бәйтерек» зымыран кешені және «KazSat» жерсерігі сияқты жобаларға мамандар дайындайды. Тараптар филиал бағдарламаларын жаңарту туралы шешім қабылдады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен бірлескен бағдарламалар ашу келісілді.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Аэроғарыш зерттеулеріне қатысты математикалық модельдеуге қатысты бірлескен бағдарламалар қызылордалық Қорқыт ата университетінің негізінде ашылады. Магистратура бағдарламалары қосылатын болады. Біздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен де кадр даярлау, кадрлардың біліктілігін арттыру және арнайы инженерлік бағдарламаларды қарастыратын боламыз.