Хабар телеарнасы

Оқуға түсуге қосымша 10 мың грант бөлінеді – министр

ҰБТ-да жоғары балл жинап, грантқа ілінбей қалғандарға тағы бір мүмкіндік бар. Қосымша 10 мыңға жуық білім гранты бөлінеді. Бұл туралы Үкімет қабырғасында Ғылым және жоғары білім министрі айтты.

Саясат Нұрбектің сөзінше, гранттарды әкімдіктер, жұмыс берушілер, «Қазақстан Халқына» қоры мен университеттердің өздері бөледі. Жоғары балл жинаған түлектердің тізімі ректорларға табысталады. Осылайша, іріктеуден өткен абитуриенттердің ақысыз негізде оқуға түсуге мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ министр кейде түлектер гранттан бас тартатын жағдайлар да кездесетінін айтады. Шамамен 2-3 мың грант босап, қыркүйекте бұл орындар қайта тағайындалуы мүмкін. Жалпы биыл гранттардың 99%-і игерілген. Мемлекет грант бөлгенде басымдықты мамандықтар тапшы салаларға бөлген, - дейді министр.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Су тасқыны болғанда барлығымыз: «Ойбай су мамандары қайда? Орман жанғанда, ойбай орманшылар қайда? Екібастұз жылусыз қалғанда, ойбай жылу энергетиктері қайда?» - дейді. Біз беріп жатырмыз. Енді басқа бізде басымдық болмаған мамандықтың гранттарына шулап жатыр, неге бізге бермеді деп. Енді екінші мәселе, су тасқынында зардап шеккен - өзіміздің отандастарымыз. Енді біз солардың зардабына қалмайық.

Алматы мен Астанада студенттерге арналған жатақхана мәселесі әлі де өзекті. Тапшылықты шешу үшін жауапты министрлік құрылысқа мемлекеттік-кәсіпкерлік серіктестік тетігін пайдалануға ниетті. Яғни қаржының 70%-ін жеке инвесторлар есебінен тартамыз, - дейді.

Биыл ел бойынша 10 мың 576 орынға шақталған 27 жатақхана пайдалануға беріледі. Студенттерге жатақхана жетіспеушілігі мәселесін реттеу үшін бірыңғай желі іске қосылды.