Алдағы оқу жылына қанша грант бөлінді?
Білім грантын күтіп жүргендер үшін жақсы жаңалық. Алдағы оқу жылына 94 мыңнан астам грант бөлінген. Өткен жылы 88 мың болған. Одан бөлек квоталар да аз емес. Осы көктемде тасқын жүріп, төтенше жағдай жарияланған аймақтардың түлектеріне жеңілдік қарастырылған. Ал «Педагогика» және «Әлеуметтік ғылымдар» мамандықтарына 300 сараланған грант бөлініп отыр. Яғни оқу ақысының 50% мемлекет төлейді.
Гимназияны үздік бітірген Диана Мұхамеджанова құжатын «Халықаралық қатынастар және дипломатия» мамандығына тапсырды. Оның ҰБТ-дан жинаған ұпайы аз емес. Оған қоса, төтенше жағдай жарияланған алты аймақтың түлектеріне биыл квота бар. Сондықтан Диана білім грантынан үмітті.
Диана Мұхамеджанова, мектеп түлегі:
-Иә, әрине, осы гранттарға үміттімін. Бізге жалпы бөлінген 100% гранттың 20% су тасқынынан зардап шеккен 6 өңірге бөлінеді деп естіген болатынмын. Бұл біз үшін үлкен бір мүмкіндік 46 0055 мен 133 балл жинап, ата-анамның, ұстаздардың үмітін ақтаған болатынмын.
Алдағы оқу жылына докторантураға 2919, магистратураға 13 мыңнан астам, ал бакалавр деңгейіне 78 219 грант бөлінген. Осының 20%, яғни 12 мыңнан астамы су басқан өңірлердің түлектеріне беріледі. Ал квотаның ең көбі 35% ауыл жастарына үлестіріледі. Көпбалалы отбасылар мен «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түсемін деген жастарға грант санының 5% қарастырылған. Бұдан бөлек бірнеше санаттағы азаматтарға да квота бар. Тіпті биыл оқу грантының жаңа түрі де еңгізіліп отыр.
Жанна Есінбаева, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары:
-Ағымдағы жылы біз пилоттық жоба ретінде сараланған гранттарды енгізуді бастадық. Ол үшін мемлекет тарапынан 300 сараланған грант бөлінді. Педагогикалық мамандықтраға 150 және әлеуметтік ғылымдарға 150 грант.
Сараланған грант - толық грантты жеңіп алуға 1-2 баллы жетпей қалған түлектерге беріледі. Яғни олардың оқу ақысының 50% мемлекет төлейді. Демек білімге құштар жастарға әрдайым мүмкіндік бар. Айтпақшы биылғы оқу жылында шәкіртақының көлемі де көбейтілді. Ал білім грантына ие болғандар тізімі 10 тамызға дейін жария етіледі.
Авторлары: Алуа Маханбет, Асланбек Шығыр