Қарағандыда үкіметтік емес ұйымдардың кезекті конференциясы өтті
Қарағандыда өткен үкіметтік емес ұйымдардың кезекті конференциясы осындай тақырыпта өрбіді.
Қатысушылар билік пен азаматтық қоғам арасындағы байланысты одан әрі нығайтудың жолдарын іздеп, жұмыс жоспарын пысықтады.
Кез келген қиындықты еңсеру үшін жалғыз мемлекеттің күші жеткіліксіз. Азаматтық қоғам біріккенде ғана алынбайтын қамал жоқ. «Оны биылғы пандемия кезінде анық аңғардық», – дейді конференцияға қатысқандар.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі
– Елдің дамуын нығайтуға – мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір болған үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің орны айырықша. Бұл дегеніміз, жергілікті қоғамдық ұйымдардың беделі артып, әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндіктері бар екендігінің айқын дәлелі.
Дамыған елдердің қай-қайсында азаматтық қоғам өкілдері билікпен тең дәрежеде жұмыс істейді. Ал бізде әлі де әлсіз. Айталық, Қарағанды облысында барлығы 1200 үкіметтік емес ұйым заңды түрде тіркелген болса, соның тең жартысы ғана белсенді. Қалғандары қалыс қалып отыр. Мемлекеттен бөлінетін гранттар көп, бірақ қоғамдық жұмысты иіріп әкететін көшбасшылар аз. «Сондықтан ең әуелі олардың құқықтық сауатын жетілдіруге басымдық беру керек», – дейді «Азаматтық Альянс» өкілдері.
Бану Нұрғазиева, «Қазақстан Азаматтық Альянсының» президенті:
– Мемлекеттік органдардың істеп жатқан жұмысы дұрыс деңгейінде ма, жоқ па? Соны қалай қарау керек? Қанша жыл болды айтып келеміз, әрбір комиссия, советтерде үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғам өкілдері болатын болса, олар қарап отырады. Жер бергенде, басқа мәселелерді шешкенде, сонда олар дұрыс болса дұрыс деп, бұрыс болса бұрыс деп айтады. Сол арқылы адалдық та болады, әділдік те болады. Ал халыққа керегі сол.
Конференция соңында үздік үкіметтік емес ұйымдар мен белсенді волонтерлар марапатталды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков