Қостанай облысындағы Жітіқара ауданында провизорлық стационар ашылады
Қазір мұнда карантиндік стационар мен инфекциялық бөлімнің жұмысы жанданған. Бірақ дәрігер тапшы. «Егер мәселе жақын арада ретке келтірілмесе, онда өңірдің эпидемиологиялық ахуалы асқынады», – деп алаңдайды медицина саласының мамандары.
Облыста алғашқы коронавирус инфекциясы Жітіқарада тіркелген. Індеттен көз жұмған алғашқы адам да осы өңірдің тұрғыны еді. Қазір мұндағы эпидемиологиялық ахуал біртіндеп тұрақталды. «Сақтансаң, сақтайды» демекші Ресеймен шекарада санитарлық бекет қойылды. Ал қалада қосымша стационар ашу жоспарланған.
Зүлфия Орманова, Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары:
- Қазір аз ғана өсім байқалады. Мысалы жаздыгүні күнделікті өсім 0,3% болса, қазіргі көрсеткіш 1% шамалы асады. Инфекциялық бөлімді 20 орынға ұлғайттық. Алдағы уақытта провизорлық госпитальді ашуды көздейміз.
Қазан айында бастауыш сыныптағы сегіз жітіқаралық оқушыдан коронавирус расталған. Науқас балалардың басым бөлігі – №12 мектептегі кезекші топтағылар. Осыған орай білім ордасы карантинге жабылыпты.
Майра Бимағамбетова, Жітіқара ауданы білім бөлімінің басшысы:
- Балалардың індет жұқтыруы 4 қазаннан басталды. Аталған мектептегі 1 мен 11-сынып оқушылары қашықтан білім алады. Енді оны 5 қарашаға дейін карантинге жаптық. Барлық оқушы мен мұғалімдер медициналық тексерістен өтуі тиіс. Содан кейін ғана қалыпты режимге ораламыз.
Дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс заттарымен дәріханалар жеткілікті көлемде қамтылған. Екі айға жететіндей қор жасақталыпты. Ал медицина мамандары керісінше тапшы.
Артур Галеев, Жітіқара аудандық ауруханасының бас дәрігері:
- Кейбір бөлімде жалғыз дәрігерден кездесіп жатады. Егер сол маман ауырып қалатын болса, оны ешкім алмастыра алмайды. Орта буындағы мамандар жетіспейді. Стационар тәулік бойы жұмыс істейді. Оған да қызметкерлер қажет. Қосымша инфекциялық бөлімді ашсақ, аурухана емдеушілерсіз қалуы мүмкін.
Маман жетіспеушілігін аурухана тез арада шешуге тырысады. Дәрігерлердің үстемақы және баспанамен ынталандырылатыны белгілі. Алайда ауданда еңбек еткісі келетіндер аз. Соңғы жылдары Жітіқараға тоғыз дәрігер келген. Қазір аудан жалпы саны 15 маманға зәру.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров