Биыл елімізде балық шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік қарастырылған
Қаржылай көмекті өнімге ғана емес, кеткен шығынға да беру жағы қарастырылады. Осы саланы Үкімет мықтап қолға алып отыр. Қазір әрбір аймақ Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша өз жерінде балық шаруашылығын дамытудың он жылдық жоспарын әзірлеуде. Субсидия көбейсе, саны бар, сапасы жоқ шаруашылықтар қаптап кетпей ме? Балық өсіремін деушілер нені ескеру қажет?
Степногорлық Наталья Лащинская былтыр шаһар іргесінен шағын көлшікті жалға алып, биыл балық шаруашылығын бастады. Бұйыртса, форель балығын көбейтпек. Кәсіпкер әзірге жылына 50 тонна өнім шығаруды көздеп отыр. Ал оларды негізінен Ақмола облысы мен елордаға жөнелтеді.
Наталья Лащинская, кәсіпорын директоры:
- Жобаның мақсаты – азық-түлік базарын тірі балықпен толтыру. Біздің жоба Степногорск қаласы аумағын дамыту жоспарына енгізілген. Көлшік алты бөлікке бөлінген. Оларда қазір салмағы 50 граммнан 300 граммға дейін жететін 4 мыңнан астам шабақ бар. Ал балықты келесі жылдан бастап сатамыз.
Кәсіпкер бизнесі алға басса, алдағы уақытта балық өнімдерін шығаратын фабрика да ашпақ. Қазірдің өзінде бұл жобаға 66 млн теңге жеке қаржысын жұмсаған компания келешекте бұл кәсіптен көл-көсір пайда табуды мақсат етіп отыр. Ал осы салаға жарты ғасырдан астам ғұмырын арнаған ихтиолог Жеткерген Әбдиев балық шаруашылығы дәнін егіп, бір жылда өнім ала салатын егіншілік емес екенін айтады. Оның үстіне бұған асқан дайындықпен келу қажет. «Ал табыстың басы білімде», – дейді тәжірибелі маман.
Жеткерген Әбдиев, облыстық Балық шаруашылығы қауымдастығының төрағасы:
- Білім керек бұл кәсіпке. Өйткені суасты дүние ғой. Бізде қыс ұзақ қой. Алты ай бойы созылатын ұзақ қыста балық тұншығады. Оны «замор» дейміз. Сол тұншықпас үшін көлге оттегі беру, көлге жағдай жасау керек. Балықты өсіру – бір білім, оны аулау, өңдеу – тағы бір білім.
Бірақ сол білімді меңгергісі келетіндер аз. Әзірге елімізде тек осы саланың басы-қасында жүргендер ғана қысқаша курстар оқып, балық шаруашылығының қыр-сырын игеруде. Ал бұл мамандықты Қазақстанда тек бір ғана білім ордасы оқытады. Алайда оның өзіне жыл сайын он шақты адам ғана түседі екен. Дегенмен қазір «субсидия көбейеді» дегенді естіген халық балық шаруашылығына көптеп қызығушылық танытып жатқан көрінеді.
Жеткерген Әбдиев, облыстық Балық шаруашылығы қауымдастығының төрағасы:
- Жылдан жылға «аламын, өсіремін» деп жатқан талапкерлер өте көп. Балық шаруашылығында өзіндік қиындықтары бар, әрине. Сол қиындықтарды жеңу үшін білім керек.
Біліммен қоса бұл сала қыруар қаражатты да талап етеді. Ал ол бірден қайта қоймайды. «Сондықтан қолдау керек-ақ», – дейді мамандар. Өйткені еліміздің балық шаруашылығында әлеуеті өте зор. Мәселен, Ақмола облысында 500-ге жуық өзен-көл бар. Алайда олардың жартысы ғана игерілген. Ал ондағы шаруашылықтардың бәрі жабылып, жылына небәрі 600 тонна ғана тауарлы балық шығарады. Мамандар бұл көрсеткішті он есеге дейін арттыруға мүмкіндік бар екенін айтады.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Жалпы ДДСҰ бір адамға жылына кемінде 16 келі балық өнімін тұтынуға кеңес береді. Бірақ бұл көрсеткіш бізде қазір төрт келіге де жетпейді. Ал көрші Ресей мен Қытайда тұрғындар жыл сайын 20-дан 40 келіге дейін балық жейді екен. Сондықтан су маржандарын өзіміз жемесек те, оны көбейтіп, экспортқа шығаруға әбден болады.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко