Хабар телеарнасы

Қазақстандықтар балықты 4 есе аз тұтынады

Қазақстандықтар жылына небәрі 4 келі ғана балық етін тұтынады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр адамға бір жылда кемінде 16 келі балық жеуге кеңес береді. Себебі су жәндігінің денсаулыққа пайдасы зор. Тұтыну көлемін қалай көбейтеміз? Салада қандай мәселелер бар? 

Атыраулық Амангелді Борашұлы 90 жылдардан бері балық аулаумен айналысады. Бірақ бұл кәсіптен қазір береке кеткенін айтады. Себебі өзі нәсібін айырып отырған Жайық өзенінде балық азайып кеткен.

Амангелді Борашұлы, балықшы: 

- Балық деген жоққа жақын. Кейде бір 200 келі болады. 1 тонна ауласақ, қуанатындай дәрежеге жеттік. Табыс, ұстаған балыққа байланысты ақысын береді.

Табиғи өзен-көлдерді былай қойғанда, жасанды су қоймаларының өзінде қазір балық көп емес,  - дейді саланың басы-қасында жүргендер. Себебі су айдындары балық өсірушілерге әрі кетсе, 5 жылға ғана жалға беріледі. Сондықтан қысқа уақыттың ішінде кәсіпкер қыруар қаржы салғысы келмейді. Енді оның мерзімі ұзартылмақ. Ірі шаруашылықтарға 49 жылға дейін берілуі мүмкін.

Мәжіліс депутаттары аталған саланы дамытуға бағытталған Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Салаға қомақты инвестиция саламын деушілерге көлдер конкурссыз ұсынылады. Бірақ ол үшін кәсіпкер шаруашылыққа кемінде 550 млн теңге жеке қаржысын жұмсауы тиіс. Мемлекеттік бақылау да күшейтіледі.

Сергей Пономарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тағы бір мәселе. Банкке барғанда ақшаны арнайы құралда санайтынын көреміз ғой? Майшабақты да дәл солай санауға болады. Ол үшін арнайы жабдық керек. Екі министрге кезінде осыларды алдыру туралы айтқанмын. Бірақ министрліктер де, кәсіпкерлер де алғысы келмеді. Ойлап қарасақ, бір шелекте 100 немесе 500 шабақ болуы мүмкін. Әрқайсысының бағасы – 65 теңге. Ал енді санаңыздар, кейбіреуі 100 мыңын суға жібердік, - дейді. Ал шын мәнінде, 11 мыңын ғана жіберуі мүмкін. Енді міне, Балық шаруашылығының комитеті арнайы санау жабдықтарын алып береді. Олар 4 бассейн инспекциясына қойылмақ.

Кәсіпкерлердің өсіріп отырған балығының түрі мен сапасы тексеріліп, өнімділігі қадағаланады. Ал мәліметтің барлығы жаңадан құрылатын арнайы ақпараттық жүйеге жиналады. Одан бөлек, балық өсірушілерге мемлекет тарапынан субсидия беріліп, ғылыми қолдау көрсетілмек. Жеңілдетілген несие де қарастырылады. Себебі алдымызда 2030 жылға қарай жылына 270 мың тонна балық өндіру міндеті тұр. Бірақ қазіргі көрсеткіш көңіл көншітпейді. 2023 жылы біз небәрі 64 мың тонна балық өсіріп, аулаппыз. Ал тұтыну көлемі неге аз?

Гүлден Чонгаева, сатушы: 
- Мәселен, мына көксеркені біз келісін 2 мың теңгеден сатып жатырмыз. Ал шортан 1200 теңгеден. Ең қымбаты – қызыл балықтар. Оларды 5500 теңгеден саудалап отырмыз. Халық бұрын балықты көп алатын. Қазір азайды.

Дегенмен тағамтанушылар халыққа балықты көбірек тұтынуға кеңес береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы кісі басына жылына кемінде 16 келі болса, қазақстандықтар одан 4 есе аз жейді екен. Ал көрші Ресейде бұл көрсеткіш – 23, Қытайда 40 келіден асады.

Салтанат Әбдрәсілова, нутрицолог: 
- Балық өнімдерінен өзіміздің органимімізге біз көптеген пайдалы қоректі заттарды аламыз. Соның ішінде ең бастысы – май қышқылдары. Омега-3 деп айтып жатады қазір. Сонымен қатар витаминдер. Оның ішінде айтып кетсек, В12 дәрумені, Д дәрумені, сосын йод. Солардың жеткілікті болуы балық өнімдерін күнделікті емес, аптасына бір немесе бірнеше рет өз рационымызға қосып тұрсақ, дефициттердің болдырмауына өз әсерін тигіземіз.

Мәжілісте мақұлданған жаңа заңның да көздегені – халықтың денсаулығын жақсарту. Балық шаруашылығымен шұғылдану жеңілдесе, салада бәсекелестік артып, су жәндігінің бағасы да төмендейді, - деп сенеді депутаттар. Ал қазір елімізде 1 жарым мыңға жуық кәсіпорын аталған кәсіппен айналысып отыр.

Дамир Берікұлы, Дархан Күнтуов